Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осыған орай Тараз қаласында Жамбыл облысы мәслихатының 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өз сөзінде барлық шақырылымдағы депутаттардың еңбегін жоғары бағалап, жауапты жергілікті өкілді орган халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін жемісті атқарып келе жатқанын атап айты. Бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижелеріне қысқаша тоқталды.
Жыл соңына дейін жамбылдықтарды ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін 98,1 пайызға, табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 91,3 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Облыста 16,5 шақырым жаңа жол салынды, 3 шақырым жол қайта жаңартылып, 1 көпірдің құрылысы жүргізілуде. 500 шақырымға жуық жол орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 99 пайызға, көше жолдары желісі 87 пайызға жетті.
Өңірде 36 білім беру нысанының құрылысы қарқын алған. Жыл соңына дейін 15 нысанды пайдалануға беру жоспарланып, бүгінге дейін 10 нысан балалар игілігіне берілді. Сонымен бірге 2 жайлы мектеп ашылып, 10 нысан күрделі жөндеуден өтті. 10 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға тапсырылды (жоспар – 26 нысан). 33 санитариялық автокөлік сатып алынды. 69 спорт алаңы (жоспар – 74) ашылып, 4 дене-шынықтыру сауықтыру кешені іске қосылды. 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілсе, оның үшеуі халық игілігіне тапсырылды. 577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 26 үйдің ауласына ойын алаңдары салынды.
Салтанатты жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Бағлан Жүнісбеков мерейтойға орай ізгі тілектерін білдірді.
Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай бірқатар мәслихат ардагері мен халық қалаулысына «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ түрлі мерекелік марапаттар табысталды.
Мерекелік кеш К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әртістерінің концерттік бағарламасымен қорытындыланды.