Газ тасымалдау инфрақұрылымы ауқымды жаңғыртылып жатыр
Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және газбен жабдықтаудың сенімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Энергетика министрлігі «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен бірлесе отырып, елдің тозған газ тасымалдау инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Жұмыстардың негізгі бағыты – «Орта Азия – Орталық» магистральдық газ құбырларын күрделі жөндеу.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы өткен жылы қараша айында «Қагам» ЖШС-мен «ОАО-4», «ОАО-5» және «ЛОАО-4» газ құбырларын күрделі жөндеу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 336,7 миллиард теңгені құрайтын келісімшарт жасасқан болатын. 2024–2026 жылдар аралығында 10 мыңнан астам құбырдың ақауын ауыстыру және жөндеу арқылы жою жоспарланып отыр.
2024 жылы «ОАО-4/5» магистральдық газ құбырының біріктірілген учаскесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталды, жоспарланған 809 құбыр секциясының орнына 867 ақаулы құбыр учаскесі ауыстырылды. Биыл келесі учаскелерде жұмыстар жалғасуда: «ОАО-4» МГ бойынша 1134–851 км, 850–695 км, 695–598 км, 501–390 км және 390–311 км учаскелерінде 3222 құбырдың ақауы жойылды (жоспар – 3 611); «ОАО-5» МГ бойынша 985–1134 км учаскесінде 108 құбырдың ақауы жойылды (жоспар – 101). Жалпы, 2025 жылы ОАО газ тасымалдау жүйесінде шамамен 6596 ақаулы құбырды жою жоспарланған.
Аталған жобаны іске асыру магистральдық газ құбырларының сенімділігі мен өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, Ресейден Өзбекстанға табиғи газ транзитін көбейтуге жағдай жасайды.