Ешкім медициналық көмектен тыс қалмауы тиіс

0 2

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің қатысуымен баспасөз брифингі өтті.

Баспасөз жиынында облыс халқының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысу деңгейі, сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік портреті және медициналық көмектің жаңа біртұтас пакеті туралы кеңінен айтылды.

Сержан Сәрсенбекұлының айтуынша, 2025 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша, Отбасының цифрлық картасы мен «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінің мәліметтері негізінде Жамбыл облысы халқының саны 1 173 791 адамды құраған. Оның ішінде 943 670 адам немесе 80,4 пайызы сақтандырылған, ал 230 121 адам немесе 19,6 пайызы МӘМС жүйесіне қатыспаған.

Сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты әртүрлі деңгейде. Цифрлық карта деректері бойынша А санатында – 9 139 адам, В санатында – 73 731 адам, С санатында – 76 699 адам, D санатында – 55 081 адам және Е санатында 15 471 адам тіркелген.

Спикердің айтуынша, сақтандырылмағандардың негізгі бөлігі — 92 048 адам немесе 39,9 пайызы жұмыс істейтін азаматтар. Сонымен қатар, 18 992 адам (8,2 пайыз) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттармен жұмыс істейтіндер, 46 901 адам (20,3 пайыз) бұрын бірыңғай жиынтық төлем төлеушілері, 20 646 адам (8,9 пайыз) жеке кәсіпкерлер, 10 116 адам (4,3 пайыз) дербес төлеушілер, 1 998 адам (0,8 пайыз) басқа санаттарға жатпайтындар және 30 518 адам (13,2 пайыз) соңғы 12 айда жарна төлемегендер.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан басты бағыт — азаматтарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет ұсыну. Бұл мақсатта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакетін біріктіретін бірыңғай пакет қалыптастырылып жатыр. Бұл бірыңғай пакет бюджеттің мүмкіндіктері мен мемлекет қабылдаған міндеттемелерді ескере отырып дайындалуда. Ең бастысы — медициналық көмектің қайталануын болдырмау, қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.

Басқарма басшысы ТМККК аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмектің барлық азаматтар үшін қолжетімділігі сақталатынын атап айтты. Ал сақтандыру мәртебесіне ие болу арқылы тұрғындар жоғары технологиялы медициналық көмек пен жоспарлы стационарлық ем алуға мүмкіндік алады. Сақтандырылмаған азаматтар санын азайту мақсатында облыста арнайы жұмыс топтары құрылып, қала мен аудан деңгейіндегі емханалар мен ауруханаларда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Азаматтарды сақтандырудың маңыздылығы туралы кеңінен ақпараттандыру жалғасып жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарды (D және E санаттары) жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне қосу мәселесі қарастырылуда.

Мемлекет азаматтарды қолдау мақсатында жеңілдік кезеңінің мерзімін үш айдан алты айға дейін ұзартып отыр. Яғни, енді бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтар уақытша төлем жасамай қалған күннің өзінде жарты жыл бойы сақтандырылған мәртебесін жоғалтпайды. Сержан Назарбектің айтуынша, бұл өзгерістер азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарай икемделген қолдау шаралары болып саналады. Басты мақсат – ешкім медициналық көмектен тыс қалмауы тиіс.

Баспасөз брифингінің соңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, денсаулық сақтау басқармасының басшысы оларға нақты әрі мазмұнды жауап берді.