Есепте тұрғандарға жоба жайын түсіндірді

0 5

«AMANAT» партиясының бастамасымен  Шығыс Қазақстан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның менторы Ермек Жұмағұлов облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімінде есепте тұрған адамдармен кездесіп, жоба туралы кеңінен түсіндіріп берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық саутылығын арттыру бойынша тапсырма берген болатын. Мұндағы басты мақсат – азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу.

– Қазір несиесі жоқ адам кемде-кем. Статистикаға сүйенсек, елімізде талай адам несие мерзімін өткізіп алған. Бұл үлкен мәселеге айналды. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарапайым адамды осындай қиындықтардан сақтайды. Қаржылық сауатын арттырады. Одан бөлек қосымша табыс пен отбасылық бюджет туралы да ақпарат беріледі, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Ермек Жұмағұлов.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімінің подполковнигі Азамат Құлыбаевтің айтуынша, бұл жоба істі болған азаматтар үшін таптырмас көмек болмақ.

– «Қарызсыз қоғам» курсы қаржылық дағдыларды жетілдіруге, ақшаны сауатты жұмсауға, қаржылық қиындықтардан аулақ болуға және болашаққа сеніммен қадам басуға үйретеді. Бұл бюджетті жоспарлау, дұрыс қаржылық әдеттерді қалыптастыру, ақшаны басқарудағы тұрақтылық туралы пайдалы кеңестерді қамтиды, – дейді ол.