Еркінайдың тәтті тоқашы сұраныста

0 5

Елімізде шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сектордың тұрақты дамуы үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары іске асырылуда. Соның ішінде, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған басты қаржы институттарының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Бұл қор – кәсіпкерлер үшін сенімді серіктес. Осы қордың көмегіне жүгінген жеке кәсіпкердің бірі – Сарыжар ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, әмбебап кәсіпкер Еркінай Оразымбетова.

Ол бес баланың анасы, екі немеренің әжесі. Бүгінде ауласында шағын наубайқана жұмыс істеп тұр. «Тәтті тоқаш» наубайқанасында дайындалған өнімге сұраныс та көп. Бұдан бөлек, сиыр сауып, сүт өнімдерін өндіріп, көршілерге өткеруде.

Еркінай 2018 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырылған курста білімін жетілдіріп, арнайы сертификат иесі атанады. Бұл оның алдағы жаңа кәсіпті ашуына жол ашқан еді.

– Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Дегенмен оның, көзін тауып жұмыс істеу үшін алдыңда үлкен мақсатың болуы тиіс. Сол мақсат мені осы кәсіпті ашып, отбасы бизнесін жүргізуге алып келді. Бір жағы кәсіпкерлік курстан өткенімнің де көмегі тиді, – дейді ол.

Кәсіпкер ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан мал шаруашылығын дамыту мақсатында өңірдегі «Даму» қорына өтінішпен қайырылған еді. Несие ұйымдары өтінішін мақұлдап, кәсібін 1 миллион 300 мың теңгемен бастайды. Бұл қаражатқа ол 13 бас сиыр сатып алып, сүт өнімдерін өндірумен айналысып кетеді. Өнімін Ақтөбе қаласындағы орталық базарға шығарып, табысын еселейді.

Кәсібін кеңейтуды көздеген ол сүт өндірісімен шектеліп қалмай, наубайхана ашып, нан өнімдерін өндіруді жолға қояды. Бүгінде «Тәтті тоқаш» наубайханасында дайындалған өнім дүкен сөресін толтырып тұр.  Наубайханада тәтті тоқаштың 15 түрі дайындалады екен. Еркінайдың айтуынша, торт, пирог, самса, бәліш, тандыр нан – барлығына да табиғи сүт пен қаймақ қосылады. Сол себепті сөреде жатып қалған кезі жоқ. Әсіресе, пиязқосылған нанға сұраныс көп. Еркінайдың әмбебап командасы той дастарқанына да тапсырыс қабылдайды.

Бүгінгі күні кәсіпкер өзі тұратын ауылдың екі тұрғынын тұрақты жұмыс орнымен қамтыған. Олардың айлық жалақысы 180 мың теңгені құрайды. Кәсібінің есеп-қисабын өзі жүргізуде.

 Өздерінің үй іргесінде шағын шаруа қожалығы бар. Жұбайы Жексенбай «Аягөз» шаруа қожалығының жұмысын дөңгелетіп отыр. Иелігінде 650 гектар шабындық жері бар. «ҚазАгроҚаржы» ұйымы арқылы лизингке трактор алып, шөп шабатын және рулон престейтін техника сатып алған. Қазір мал азығын да өздері дайындап, ол жақтағы шаруаны да дөңгелетіп отыр.

Уақыт өте келе нарықтағы сұранысты байқап, ешкі шаруашылығын қолға алуды ойладық. 2020 жылы мемлекеттік бағдарламамен грант жеңіп алып, 3 миллион теңгеге 20 заанен ешкісін сатып алдық. Бұл тұқым – әлемдегі ең сүтті ешкілердің бірі. Бүгінде ешкі сүтінің шипасын жұрттың бәрі біледі. Әсіресе операциядан кейінгі науқастар, иммунитетін көтергісі келетіндер арнайы іздеп келеді. Адал еңбек пен сапалы өнім – басты ұстанымым,  деді Еркінай Жолдасбайқызы.

Қазір ешкі сүті азайған. Өйткені, алда мал төлдету науханына кәсіпкер қызу дайындықты бастап кеткен. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – наубайхана жұмысын кеңейтіп, өнім түрін көбейту. Заманауи құрал-жабдық алып, ешкі сүтінен ірімшік пен өзге де табиғи өнім түрлерін шығару ойында бар.

Бүгінде отбасының берекесін арттырып, қамыр илеп, нан сатып, ешкі сауып, сүт сатқан Еркінай – ауыл әйелдерінің еңбекқорлығы мен табандылығының айқын көрінісі. Оның әрбір ісінен ұқыптылығы мен жауапкершілігін байқайсың.