Қазақстан Ұлттық банкі төмен номиналдағы монеталарды — 1 және 2 теңгеліктерді — енді шығармайды. Бұл туралы қаржы реттеушісінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл шешім аталған монеталарды өндірудің экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуына байланысты қабылданған.
– 1 теңгені шығарудың экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін мойындаймыз. Сондықтан 1 және 2 теңгелік монеталарды жаңадан шығару жоспарда жоқ, – деді Т. Сүлейменов.
Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы қолданыста жүрген тиындардың айналымнан алынбайтынын нақтылады.
– Қазір халықтың қолында жүрген тиындар заңды төлем құралы ретінде қолданыла береді. Біз оларды айналымнан мәжбүрлі түрде қайтарып алмаймыз. Бірақ, жаңасын жасау үшін енді қаражат бөлінбейді, – деп түсіндірді ол.
Бұл өзгеріс елдің ақша айналымын оңтайландыруға және бюджет шығынын үнемдеуге бағытталған.