Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудағы көшбасшы

0 4

Ел Президентінің бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау ісінде көшбасшыға айналды. Бүгінде бұл оқу орны тек өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық серіктестік бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

2024-2025 оқу жылында колледжді аяқтаған 848 түлектің 86 пайызы жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Бұл көрсеткіш – оқу орны мен өндіріс орындары арасындағы тығыз байланыстың нәтижесі. Колледж 125 кәсіпорынмен меморандум жасап, студенттерді нақты өндірістік ортада тәжірибеден өткізуге жол ашқан. Атап айтқанда, «Қазфосфат», «НДПЗ» секілді ірі кәсіпорындармен әріптестік орнатылып, дуалды оқыту жүйесі негізінде білім беру жүзеге асуда. Бұл жүйе бойынша студенттер оқу уақытының 40 пайызын колледжде, ал 60 пайызын өндірісте өткізеді.

Колледж директоры Асхат Картаковтың айтуынша, оқу орны бизнестің сұранысына бейімделген білім беру бағдарламаларын енгізіп, техникалық базаны үнемі жаңартып келеді. Робототехника, IT және автоматтандыру бағыттарында заманауи құрылғылар жеткізіліп, студенттердің инженерлік ойлау қабілетін дамытуға жағдай жасалған. Заманауи зертханалар мен өндірістік тренажерлар жастардың кәсіби деңгейін арттыруға сеп болуда.

Білім ордасының студенттері түрлі жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. «WorldSkills» чемпионатының аймақтық кезеңінде колледждің он бір студенті алтын жүлдеге ие болып, олардың тоғызы республикалық кезеңде облыс намысын қорғамақ.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Жас маман» жобасына қатысып, еліміз бойынша іріктелген 180 үздік колледждің қатарына енген. Бұл мәртебе оқу орнының білім беру сапасы мен техникалық мүмкіндіктерінің жоғары деңгейде екенін айғақтайды.

Халықаралық бағыттағы серіктестік те қарқынды дамып келеді. Жуырда колледж Қытайдың Сиань қаласындағы химиялық колледжімен меморандумға қол қойып, қос дипломды білім беру жүйесін іске қоспақ. Жоспарға сәйкес, студент үш жыл бойы Жамбылда оқып, соңғы оқу жылын Қытайда жалғастырады. Бұл пилоттық жоба студенттер үшін тегін жүзеге аспақ. Қытайдағы оқу шығындарын серіктес тарап қаржыландырады, ал Қазақстандағы оқуды колледж өз есебінен қамтамасыз етеді.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – заманауи білім беру, тәжірибеге негізделген оқыту және халықаралық серіктестікті үйлестіре отырып, еліміздің еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлап отырған жетекші оқу орны. Жұмысшы мамандықтардың беделі артып отырған қазіргі кезеңде мұндай білім ордаларының рөлі ерекше.