Еңбек – елдің тірегі

0 5

Жетісу өңірінде «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Еңбек – елдің тірегі, мамандық – өмірдің жүрегі!» атты ауқымды іс-шара өтеді. Оның аясында еңбегімен ер атанған тұлғалардың өмір жолы туралы насихаттайтын музей, галерея, кітапхана көрмелері таныстырылады. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Облыстағы мәдениет саласының қызметкерлері еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу, қоғамдағы рөлін көтеру, жастарды кәсіби бағытқа шақыру мақсатында облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен М. Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жұмысшы мамандықтары: кеше және бүгін» тақырыбындағы көрме өткізді. Көрмеге Социалистік Еңбек Ерлері Н. Алдабергенов пен З. Тамшыбаеваның жеке заттары, XX ғасырда ауылшаруашылығында қолданылған еңбек құралдары, «Ажар» тігін фабрикасы мен «Жетісу» аяқкиім фабрикасының тауарлары қойылып, арнайы экскурсия жүргізілді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов журналистерге берген сұқбатында жұмысшы мамандықтары адамзат өркениетінің дамуында үлкен рөл атқаратынын, ежелден бастап адамдар өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қол еңбегін қолданғанын, әр дәуір жұмысшыларының еңбегі қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосып, әртүрлі салаларда өркениетке жол ашып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ертеректе еңбек ұжымдарының белсенділігін арттыру үшін үкімет тарапынан сабантойлар мен жәрмеңкелер ұйымдастырып, ән шырқалып, ұлттық ойындармен жалғасын тауып отыратынын тілге тиек етті.

– Біздің бұл іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі міндеттеріміздің бірі – мәдениет мекемелері мен еңбек ұжымдары арасында байланысты нығайтып, серіктестік орнату. Аймақтың еңбек дәстүрлерін жаңғырту және сақтау. Алдағы уақытта өңірдегі музейлерде «Еңбек даңқы», «Еңбекпен өрілген өмір», «Қолөнерден – өнеркәсіпке» сынды тағы да басқа тақырыптарда көрме өткізуді жоспарға енгіздік. Сондай-ақ Д. Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының жұмысшы мамандықтарына арналған «Еңбек әні мәңгілік», «Еңбек адамдарының жыры» атты концерт ұйымдастырмақпыз. Бұл салтанатты жиындар жұмысшыларға айтарлықтай көңіл-күй сыйламақ, – дейді Қуаныш Сүлейменов.

Салтанатты іс-шара соңында Еңбек адамына арналған арнайы журнал мен альбом шығарылып, жобаның қорытынды конференциясы ұйымдастырылады.