Ең бастысы – еңбектен қашпау

0 2

Талғар-су» кәсіпорнының тәжірибелі экскаваторшы-машинисі Ерболат Ахметов – адал еңбегімен танылған азамат. Өз ісіне шын берілген, техника тілін жетік меңгерген маманның еңбек жолы бүгінде жас ұрпаққа үлгі боларлық.

Ерболат Ахметов бұл салаға бала кезінен қызыққан. Бар-жоғы он жасында-ақ ауыл мектебінде «Механизаторлық іс» пәнін оқып жүріп, алғаш рет трактор руліне отырғанын еске алады. Сол сәттен бастап ауыр техникамен жұмыс істеу оның арманына айналды. Жас кезінде шағын жүк көлігінен бастап, алып «КамАЗ»-ға дейінгі техникалардың барлығын меңгерген ол мектепті аяқтар тұста-ақ болашақ мамандығын айқындап қойған.

— Әке-шешем менің таңдауымды қолдады. Өз ісіңді сүйіп істесең ғана нәтиже болады, — дейді ол.

Бүгінде Ерболат «Талғар-су» мекемесінде бірінші санатты маман ретінде қызмет етуде. Қазір ол шетелдік жаңа буындағы «CASE» фирмасының экскаваторын жүргізеді. Қазу, тегістеу, үйінді тұрғызу, арық аршу, іргетас орнын дайындау сияқты күрделі жұмыстар оның күнделікті міндетіне кіреді. Қыстыгүні қар тазалап, жазда инфрақұрылымдық жұмыстарды атқарып жүрген білікті маман техниканың әр бұрандасына дейін жақсы біледі.

— Экскаватор – менің күнделікті табысымның көзі ғана емес, өмірімнің бір бөлшегі. Оны күтіп ұстау — менің жауапкершілігім. Техниканың күтімі — жұмыстың өнімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі, — дейді ол.

Кәсіпорын ұжымы Ерболат Ахметовтің еңбегін жоғары бағалап келеді. Жылдар бойы үздіксіз атқарған адал жұмысы үшін бірнеше рет Алғысхат пен ақшалай марапаттарға ие болған. Бірақ, ол үшін ең бастысы — көптің құрметі мен сенімі.

Жұмысбасты күндердің арасында Ерболат жастарды тәрбиелеуді де ұмытпайды. Бос уақытында жас мамандарға техника жүргізу, күтіп ұстау, қауіпсіздік талаптары жөнінде кеңестер беріп тұрады. Өзі де көп балалы әке, бес ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының да әке жолын қуып, елге пайдалы азамат болуын қалайды.

— Ең бастысы – еңбектен қашпау. Қара жұмыстың да қадірі бар. Тек маңдай термен табылған табыстың ғана берекесі болады, — дейді Ерболат Ахметов.

Темірдей тәртіп пен табандылықты серік еткен бұл азаматтың өмірі — ел ертеңі үшін еңбек етудің нақты көрінісі. Техника мен тіршіліктің ортасынан өз орнын тапқан Ерболат сияқты еңбек адамдарын үлгі ету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.