Жамбыл облысының Қордай ауданында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты назарда. Осы мақсатта Қордай аудандық орталық ауруханасының бастамасымен аудан аумағындағы емдеу мекемелерінде өрт қауіпсіздігі мен терроризмнің алдын алу бағытында кешенді оқыту сабақтары өткізілді.
Аталған іс-шараға техникалық қауіпсіздік инженері И.Данилович пен азаматтық қорғаныс жөніндегі инспектор А.Байгубенов арнайы шақырылып, олар аурухана қызметкерлері мен ауылдық амбулатория мамандарына теориялық әрі практикалық дәрістер жүргізді. Оқу-жаттығу барысында өрттің туындау себептері мен одан қорғану амалдары, эвакуация жоспарын нақты орындау тәртібі, алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ күдікті заттар табылған жағдайда қандай іс-әрекеттер жасалуы керектігі туралы нақты мысалдар келтіріліп, алгоритмдер ұсынылды.
Маңыздысы – бұл жаттығулар тек қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде де жүзеге асырылды. Медициналық қызметкерлер қауіпсіздік ережелерін тәжірибе жүзінде қайталап, жаттығу кезінде белсенділік танытты. Қатысушылар эвакуация процесіне қатысып, түрлі төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарын пысықтады.
Медицина саласы – адам өмірін сақтаумен қатар, өз қызметкерлерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап ететін сала. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай шаралар — кәсіби білім мен дағдыны қауіпсіздік мәдениетімен ұштастырудың тиімді жолы.
Аудандық орталық аурухана басшылығы осындай іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеп отыр. Бұл өз кезегінде аудан көлемінде төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.