Елордада қоқыс шығару қызметі цифрландырылып жатыр

0 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық сала мен бағытта цифрлық құралдарды енгізу арқылы қызметтер мен деректерді толық цифрландыру қажеттігін тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау және елорда тұрғындарына қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығару қызметінің сапасын арттыру, сондай-ақ қызмет ақысын есептеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуде Астана қаласы әкімдігі қоқыс шығаратын ұйымдардың қызмет көрсету сапасын растауға цифрлық құрал енгізді.

Былтыр қоқыс шығару шарттары қайта қаралып, бір компанияның орнына қала аудандары бойынша жұмысқа үш компания тартылған еді. Жұмыстың орындалуы ақпараттық сервис арқылы, тексеріссіз, жұмыс орнында тіркеледі. Бұл жүйе қызмет сапасын нақты уақытында бақылауға және тиімді басқару үшін аналитикалық дерек қалыптастыруға мүмкіндік бермек. «Waste Management» ақпараттық жүйесінің арнайы бағдарламасы арқылы барлық контейнер алаңдары мен контейнерлері белгіленген цифрлық карта жасалды. Яғни, әрбір алаң жеке есепке алынады. Осылайша, цифрлық жүйе қоқысты міндетті түрде шығару жүйесін құруға жол ашып, енді компаниялар орындалмаған жұмыстарын жасыра алмайды.

«Цифрландырудағы негізгі мақсатымыз – тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығару қызметтерінің сапасын арттыру, сондай-ақ елорда тұрғындары үшін көрсетілетін қызмет ақысын есептеуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету. Бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша жоспарланған жұмыстардың 85 пайызы орындалды. Бұрын тұрғындардан күніне 200-ден аса шағым түссе, қазір олардың саны 5-ке қысқарды. Ендігі мақсат – цифрландыруды полигонның өзіне қосу. Қазір сол бағытта жұмыстар жүргізілуде», – дейді Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов.

Басқарма басшысының орынбасары Медет Жалпыбаевтың сөзінше, кейінгі 3-4 жылда коммуналдық қалдықтардың дер кезінде шығарылмауының негізгі түйткілі – маршруттардың тұрақсыздығы, техниканың жетіспеушілігі мен тозуы. Арнайы цифрлық бағдарлама енгізілген соң, техникалық парк 100 жаңа қоқыс таситын көлікпен толығып, 15 мыңнан астам контейнер сатып алынған. Бұған қоса, қалдық көлемі бойынша нақты аналитика және қалалық инфрақұрылымды жоспарлау жақсарып, «GPS» растау мен фотофиксация арқылы қызмет сапасы артты. Сондай-ақ жүйе мемлекеттік қаржыландырусыз, тек қоқыс шығаратын компаниялар есебінен жүзеге асуда.

Айта кетейік, осы жылдың 26 нау­рызында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов аталған жүйені жоғары бағалап, өзге өңірлерге үлгі ретінде таратуды тапсырған болатын.