Премьер-Министр Олжас Бектенов сингапурлық инвестор – «GK Hyperscale Ltd» компаниясымен елімізде гипермасштабталатын деректерді өңдеу орталықтарын салу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Primeminister.kz». Яғни, елімізде гипермасштабталатын деректерді өңдейтін ең ірі орталық құрылады.
Құжатта Ақмола және Қарағанды облыстарында жалпы қуаты 200 МВт болатын екі бірдей деректерді өңдеу орталығын салу және пайдалануға беру үшін 690 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Цифрлық даму министрлігі жобаны жүзеге асыруға, оның мемлекеттік цифрлық экожүйеге интеграциялануын қамтамасыз етуге, сондай-ақ «бұлтты» технологиялар мен жоғары өнімді есептеулерді дамыту үшін нормативтік жағдай қалыптастыруға белсенді түрде қатысатын болады. Құрылыстың бірінші кезегі 2027 жылы пайдалануға берілсе, деректерді өңдеу орталығы 2030 жылы толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Стратегиялық маңызды жоба елімізге не береді?
Біріншіден, орталықтар құру Қазақстанға «Microsoft», «Google» және «Amazon» сияқты халықаралық технология алпауыттарын, сондай-ақ үлкен деректермен және машиналық оқытумен жұмыс істейтін компанияларды тартуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, жоба жалақы деңгейі жоғары жұмыс орындарын ашу және технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету арқылы цифрлық экономиканы дамытудың қозғаушы күшіне айналады. Қазақстан «IT»-қызметтер экспортын едәуір арттырып, халықаралық нарықтарда жергілікті «IT»-компаниялардың қатысуын кеңейтеді және оның жаһандық цифрлық экожүйелердегі рөлін күшейтеді деп күтілуде.
«Осылайша, деректерді өңдеу орталықтарының іске қосылуы еліміздің Орталық Азияның цифрлық хабы ретіндегі орнын нығайтады әрі «IT»-қызметтер экспортының өсуіне жағдай жасайды», дейді сала мамандары.