Астанада Республика күні қарсаңында дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл жылы да елдің түкпір-түкпірінен келген өнегелі отбасылар төрге озды. Әр өңірдегі іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен жандар еліміздің отбасылық құндылықтарын дәріптеп, өз еңбегімен көпшілікке үлгі бола білді.
Салтанатты іс-шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Биылғы марапаттау рәсіміне 17 облыс пен 3 мегаполистен үздік шыққан 20 отбасы шақырылды. Сахна төрінде отбасылық бірлік пен татулықтың үлгісін көрсеткен жандарға марапатты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев табыстады. Өз сөзінде ол «Мерейлі отбасы» байқауының Республика күнімен тұспа-тұс өтуінің тарихи және рухани маңызына тоқталды.
– Қазақ халқы ежелден отбасы ұғымын қасиетті санаған. Отбасының ынтымағы мен берекесі – елдің тұрақтылығы мен тұтастығының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау және қоғамда ізгі құндылықтарды насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Президент биылғы Жолдауында да отбасыларды қолдауға, олардың құқықтарын қорғауға айрықша көңіл бөлді. Мұның бәрі елдің әлеуметтік ахуалын жақсартып, рухани іргесін бекітуге бағытталған, – деді Мәулен Әшімбаев.
Спикер сондай-ақ Сенаттың осы бағыттағы заң шығару қызметіне де тоқталып, «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек мектептері» сияқты маңызды жобалардың ел игілігіне қызмет етіп жатқанын атап өтті.
Байқау жеңімпаздары арасында түрлі салада еңбегімен танылған әулеттер бар. Мәселен, Ақмола облысынан ұлттық өнерді ұлықтаған Мекебай әулеті, Алматы облысынан қолөнерші Бекдайырлар, Ақтөбеден Төремұраттар, Абай облысынан Сыдықбайлар марапатталды. Ал Жамбыл облысының намысын абыроймен қорғаған теміржолшы Бектас әулетінің де мерейі үстем болды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысынан Сүйінғара әулеті, Қарағанды облысынан кеншілер Ключниковтар, Атырау облысынан Өтеп әулеті, Солтүстік Қазақстаннан Өзбек әулеті, Түркістаннан Молдабек әулеті де үздіктер қатарынан көрінді.
Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданының тұрғыны, 89 жастағы еңбек ардагері Мұратбай Сүйінғара өз сөзінде өмір жолын жастарға үлгі ете отырып, отбасындағы татулық пен еңбекқорлықтың маңызын айтты. – Өмір бойы ауылшаруашылығы саласында еңбек еттім. Он балам бар, бәрі әр салада елге қызмет етіп жүр. Немере, шөбере сүйіп отырған бақытым бар. Отбасы – адамның тірегі, ал береке – ең үлкен байлық, – деді ол.
Ал Алматы облысынан келген Бекдайыр әулеті ұлттық өнерді заманауи тұрғыда насихаттауда ерекше көзге түсті. Қолөнерші Қоңыр Егенұлының айтуынша, олардың шаңырағында ерлер – ер-тұрман, жүген, ноқта, қамшы жасаса, әйелдері мен қыздары киім тігіп, ұлттық бұйымдар дайындайды.
– «Мерейлі отбасы» байқауына бұған дейін де қатыстық, бірақ бұл жолы тыңғылықты дайындалып, 84 отбасының арасынан үздік шықтық. Мақсатымыз – ата кәсіпті жаңғырту және төрт түліктің өнімін тиімді пайдалану мәдениетін насихаттау, – дейді Қ.Бекдайыр.
Салтанатты марапаттау рәсімі «Astana Ballet» театрында өтіп, өнер шеберлері ән мен күйден шашу шашып, кештің көркін келтірді. Көрермендер дәстүр мен замана үйлескен әсерлі кештің куәсі болды.
2014 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына бүгінге дейін 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Биылғы додаға 3 434 өтінім түсіп, олардың ішінен әр өңірдің үздіктері іріктеліп, жеңімпаздарға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған бұл игі дәстүр ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты нығайтып, қоғамның рухани әлеуетін арттыруға үлкен серпін беріп отыр.