Премьер-Министр Олжас Бектенов «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёвпен кездесу өткізді.
«Росатом» корпорациясының басшысы Олжас Бектеновке Алматы облысындағы алғашқы атом электр стансасы құрылысының басталғаны туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында тауарлар мен қызметтердегі қазақстандық қамту тетіктері, отандық құрал-жабдықтар мен материалдарды пайдалану, сондай-ақ кадрлық әлеуетті тарту, тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Ядролық-отын циклі процестерін локализациялау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ жетекші отандық және шетелдік әріптестерді біріктіретін халықаралық консорциум қалыптастырудың тәжірибелік тұстары қарастырылды.
Ресей тарапы атом электр стансасы құрылысының аясында кооперацияның қажетті деңгейін қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның және басқа елдердің жеткізушілерімен ынтымақтасуға дайын екендігін жеткізді.
Премьер-Министр атом электр стансасының құрылысы Мемлекет басшысының бақылауында екенін атап өтті. Үкімет жобаны жүзеге асыруға қажетті көмек көрсетеді.