Мемлекеттік қызметші күні мерекесіне байланысты Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аталған сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, қоғамның әр саласында елеулі еңбек етіп жүрген үздіктерді марапаттады.
Жетісу облысының орталығындағы Салтанат сарайында өткен басқосуда Ернат Дүйсенбекұлы мемлекеттік қызметтің ел дамуы жолындағы маңызды рөліне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ол елге қызмет абыройлы міндет екенін айрықша атап өтіп, өңірдегі қарапайым халық үшін қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан жандардың еңбегіне жоғары баға берді.
– Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу қашанда мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Қаламыздың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да көп жағдайда өздеріңіздің жанкешті қызметтеріңіздің жемісі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ғана еліміз табысы мол, гүлденген мемлекетке айнала алады, – деді шаһар басшысы.
Жиын барысында мемлекеттік мекемелерде адал еңбек етіп жүрген 40-тан астам қызметкерге қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхаттары табысталды. Бұл марапат – олардың өз кәсібіне деген жоғары жауапкершілігі мен адал қызметінің айқын айғағы.
Сала мамандарының мәліметінше, бүгінде Жетісу облысындағы 350-ге жуық мекемеде 3500-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Аймақта мемлекеттік қызметтің 762 түрі бар. Оның 467-сі орталық, 295 түрі жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетіледі. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында 114 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасауда. Олардың 27-сі – жас маман. Бұл жастар мемлекеттік қызметке жаңаша көзқарас пен тың серпін әкелуде.