Жамбыл облысында пробациялық бақылауда тұрған азаматтар арасындағы қылмыс қайталану деңгейі 2025 жылдың басынан бері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға төмендеді. Бұл – құқықбұзушылардың тәртіпке келіп, заң талаптарын сақтауға бет бұрғанының айғағы.
Мұндай оң өзгерістерге электронды бақылау құралдарының, нақтырақ айтқанда, электронды білезіктердің енгізілуі тікелей әсер еткен. Пробация қызметінің өкілдері осы арнайы құрылғылар арқылы бақылаудағы тұлғалардың қозғалысын GPS жүйесі арқылы қадағалап отырады. Барлық деректер орталық платформаға түсіп, қызметкерлердің жұмыс орнынан шықпай-ақ, жағдайды толық бақылауына мүмкіндік береді.
Үйде жазасын өтеп жатқан адамдарға бірқатар шектеу қойылады. Оларға қала сыртына шығуға, түнгі уақытта үйден шығуға тыйым салынған. Егер бұл талаптар бұзылса, жүйе автоматты түрде дабыл қағып, қызметкерлерге хабар береді. Электронды білезіктер су өткізбейтін материалдан жасалған және олар бақылаудағы азаматтарға бір жыл мерзімге тағылады.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында пробациялық бақылауда 1570 адам тіркеуде тұр. Бұрын пробация қызметкерлері сотталғандардың үйіне барып, режимнің сақталуын жеке тексеретін. Енді бұл үдеріс айтарлықтай оңтайланып отыр.
– Бұрын біз әр айда бірнеше рет бақылаудағы тұлғалардың үйіне барып, тексеріс жүргізуге мәжбүр болатынбыз. Қазір олардың қозғалысын кеңседен шықпай-ақ қадағалауға мүмкіндік туды. Осы жүйе арқылы пробациялық бақылау тәртібін бұзу бойынша 50 құқықбұзушылық анықталды. Алдағы уақытта шартты түрде сотталғандардың барлығы электронды білезік тағатын болады, – дейді Тараз қаласы бойынша пробация қызметі бөлімінің басшысы Ғалымжан Әбдіразақов.
Электронды қадағалау – заманауи технологияны пайдалана отырып, қылмыстың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған тиімді құрал. Бұл бастама еліміздің басқа да өңірлерінде оң нәтижесін беретіні анық.