Қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан 300 қылмыстық іс тергеліп, тергеу жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға 20 миллиард теңгеге жуық өтемақы қайтарылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов осындай деректерді жеткізді.
Сонымен қатар, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардан 2,2 миллиард теңгені құрайтын криптовалюта түріндегі қылмыстық табыстар бұғатталған. Агенттік 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатқан. Олардың ішінде трансұлттық топ та бар. Сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында 23 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуының алды алынған.
Жанат Элиманов Президентке ағаш пен темірдің заңсыз экспортын тоқтату шаралары туралы да айтып берді. Сондай-ақ жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаудың ірі схемасы жойылған, бұл ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берген. Агенттік төрағасы ведомство тарапынан азаматтарды қаржылық алаяқтардан қорғау және қарыз жүктемесін азайту бағытында бірқатар шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Заңсыз жұмыс істеген шағын қаржылық ұйымдардың желісі анықталыпты. Олардан 327 мың азамат зардап шегіп, келтірілген залал 30 миллиард теңгені құраған.
– Сонымен қатар, 24 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Алаяқтық схемаларды таратуға қатысты 5,6 мың сайт бұғатталып, 22 мыңнан астам мүшесі бар 30 топтық чат пен аккаунт жабылды, – деді Жанат Элиманов.
Агенттік жастарды қылмыстық схемаларға тартудың алдын алу бағытында да жүйелі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруда екен. Атап айтқанда, 2,8 мың оқу орнында 567 мың оқушыға қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақтар өткізілген. Мұндай жұмыс 100 жоғары оқу орнында да жүргізіліп, 100 мыңнан астам студент қамтылған.
Жанат Элиманов сондай-ақ Парламент Мәжілісіне кірістерді жылыстатуға қарсы күрес мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізілгенін хабарлады. Бұл түзетулер қабылданса, Қазақстанның қаржылық мониторинг жүйесі «FATF» стандарттарына техникалық тұрғыдан толық сәйкес келеді.
Қабылдау соңында Президент ведомствоға экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, көлеңкелі айналымның үлесін азайтуды, заңсыз иеленген активтерді жылыстатуға қарсы күресті жалғастыруды, сондай-ақ халықтың қаржылық сауатын арттыруды тапсырды.