Елімізде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барған сайын қоғам өмірінің саналы бөлігіне айналып келеді. Аулаларын, көшелерін, саябақтарын таза ұстап, ағаш отырғызуға, сенбіліктерге және қоршаған орта мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шараларға жетісулық жастар да белсене қатысуда.
Қоршаған ортаның табиғи жағдайын жақсарту қоғамның ортақ міндеті. Осыған орай Текелі қаласында мектеп оқушылары арасында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жастарға арналған «EcoSana» атты интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. Интеллектуалды сайысқа Текелі қаласының мектеп оқушыларынан құралған 5 команда қатысты. Ашық пікір алаңында өткен тартысты додада оқушылар өзара ой бөлісіп, табиғатты қорғаудың маңыздылығын жан-жақты саралады.
Білім бөлімінің әдіскер-нұсқаушы Рауана Кентайдың айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты – жастар бойындағы экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру және табиғатты қорғау мәселелері бойынша ой-өрісін кеңейту.
Интеллектуалды сайыс барысында командалар жаһандық жылыну, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, су ресурстарын үнемдеу, жасыл энергетика сынды өзекті тақырыптарды талқылап, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Әр команда өз көзқарасын дәлелдермен қорғап, экологиялық мәдениеттің қоғамдағы рөлін айқындауға тырысты. Интеллектуалды ойынға төрелік еткен білім бөлімінің әдіскер-нұсқаушы Рауана Кентай мен психолог Айгерім Меңғали қатысушыларға экологиялық сананы дұрыс қалыптастырудың маңызы туралы тұшымды ой айтып, әділ бағаларын берді. Сарапшылар жастардың белсенділігі мен білім деңгейіне оң бағалап, табиғатқа жауапкершілікпен қарау – бүгінгі буынның басты ұстанымы болуы керектігін атап өтті.
Білім сайысында әділқазылар алқасының шешімімен І орын «Человек Паук» командасына берілді. Өздерінің ұтымды ойларымен ІІ орынды «Nickelodeon» командасы иеленді. Ал ІІІ орынды «Stenford» командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар Алғысхат, диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Жастардың экологиялық білімін тереңдету, олардың табиғатқа жанашырлық сезімін оятып, қоғамдық белсенділігін арттыруды көздеген байқау өз мәресіне жетті. Жалпы экологиялық сана отбасынан басталып, мектеп қабырғасында қалыптасады. Бұл ретте зияткерлік форматтағы шаралар жас буынның жауапкершілік көкжиегін кеңейтетіні анық.