Жамбыл облысында құқық қорғау органдары деструктивті діни идеологияның таралуына тосқауыл қою бағытында нақты іс-шаралар атқаруда. Жыл басында Жамбыл ауданының Бірлесу Еңбек ауылында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында діни алауыздықты насихаттаған топ анықталып, әрекеттері әшкереленді.
Прокуратураның нұсқауымен полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірігіп, әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан аумағында тыйым салынған діни мазмұндағы материалдарды таратумен айналысқан төрт азаматты ұстады. Тергеу барысында күдіктілердің тұрғылықты мекен-жайларына жүргізілген тінту нәтижесінде заңмен шектелген, діни өшпенділікті қоздыруға бағытталған әдебиеттер мен ақпарат құралдары тәркіленді.
Іс Жамбыл аудандық сотында қаралып, маусым айында түпкілікті үкім шығарылды. Сот Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігіне (діни алауыздықты қоздыру) сәйкес, аталмыш азаматтарды кінәлі деп танып, әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура өкілдері Қазақстан заңнамасына сәйкес, әлеуметтік, діни және ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тағы бір мәрте еске салады. Аталған бағыттағы заң бұзушылықтар қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіріп, ел ішіндегі татулық пен тұрақтылыққа нұқсан келтіреді.
Сондықтан азаматтарды діни ақпарат көздеріне сын көзбен қарап, тек ресми әрі сенімді дереккөздерді пайдалануға шақырамыз. Татулық пен тұрақтылық – ел дамуының кепілі.