ДІН МЕН ДӘСТҮР БІРЛІГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

0 17

Дін мен дәстүр сабақтастығы көптен бері қаузалып келе жатқан тақырып. Себебі соңғы кездері қазақты түрлі деңгейде Исламнан алыстатуға тырысушы пікірлер пайда болды. Кейбірі теріс пиғылмен әдейі әрекет етсе, енді бірі білместікпен надандық дәуіріне тартады. Бірі қазақ халқының негізгі діні бақсылық десе, енді бірі қазақ сахарасында басқа да діни дәстүрлер басым болды, қазақ мұсылманшылықтан алыс болды деген негізсіз пікірлерін тықпалайды.

Ар-ожданның ақ туын көтерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына осыншалықты кең-байтақ атамекенді аман-есен жеткізді. Сонымен қатар бізге ең басты байлық – дін дәстүрлерімен өрілген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытты. Сондықтан қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарды қадірлеуіміз қажет. Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай білгеніміз жөн.

Тарих беттерін парақтап отырсақ, сонау 751 жылы Талас өзені бойындағы Атлах шайқасында ақиқат пен жалғанның ара-жігі айқындалды, Орта Азиядағы түркі халықтары шығыстағы алпауыт көршісінің шеңгелінен біржола құтқарылды. Яғни Ислам дінінің келуімен ата-бабаларымыз азаттыққа, дербестікке қол жеткізді, дамудың жоғары сатысына көтерілді.

«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» – дейді халық нақылы. Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған.

Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Түрлі халықтардың тарихын зерттеген ғалымдар жер бетінде ешқашан дінсіз, наным-сенімсіз ел болмағандығына анық көз жеткізді. Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар.

Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Жаратқан Ие былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы». Осы аятқа зер салсақ, мынадай қорытынды шығарамыз. Алла тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі бір, барлығы Адам атадан тарайды. Сондықтан да мұсылмандар басқа ұлттарды көргенде шарапатты аят-хадистерге сүйеніп «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ», – дейді.

Адам Алла Тағаланың алдындағы ең қадірлі тобы болып саналатын мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт-ұлыстардан құралған. Пайғамбар (с.ғ.с.) арабтан болып, Құран арабша түсті дегенмен мұсылмандардың барлығы арабтар емес. Керісінше қазірде арабтар мұсылмандардың азғантай бөлігі болып саналады. Әлемде екі миллиардқа жуық мұсылман бар десек, соның үш жүз миллиондайы ғана арабтар. Ал бір Үндістанның өзінде үш жүз миллионға жуық мұсылман бар. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері бар. Бірақ барлығының діні, танымдық тұғыры бір болғандықтан салт-дәстүрлері, мәдениеті ұқсас болып келеді. Өйткені бәрінің наным-танымы Құран мен хадиске негізделген. Орналасқан ортасына, табиғатына қарай әрбір мұсылман халқының өзіндік айырма белгілері, мәдениеті, тілі бар. Шариғат бұл айырмашылықтарды теріске шығармайды. Керісінше, заманы мен мекеніне қарай пәтуалардың өзгеруі мүмкіндігін ескертеді. Мұсылман халықтарының салт-дәстүрлерінің бәрі бірдей шариғат шарттарына сай келе бермейді. Олардың арасында надандық дәуірден қалған, мұсылманшылықпен қабыспайтын сарқыншақтар да болуы ықтимал. Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.

Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді.

Мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады. Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады. Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды. Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды.

Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі. Кемеңгер ата-бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді ғана емес, ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген, қазақтың баға жетпес рухани мұрасы ұлттық дәстүрлерді мирас етті. Еліміздің жастары рухани мирасты, ата дәстүрді, ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре білсе, бүкіл қоғамның тәрбиесі түзелмек. Ұлттық құндылықтарымыз еліміздің бірлігі мен берекесінің нышаны. Елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен дін саласындағы салиқалы саясаттың жемісі.