Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің Денсаулық сақтау министрлері: Әзербайжан Республикасының министрі – Теймур Мұсаевпен, Қырғыз Республикасының министрі – Эркин Чечейбаевпен, Түркия Республикасының министрі – Кемал Мемишоглумен, Өзбекстан Республикасының министрі – Асилбек Худаяровпен, Мажарстан Республикасының Ішкі істер жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары – Юдит Бидломен кездесу өткізді. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, ДДҰ Еуропадағы өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге қатысты. Денсаулық сақтау министрлерінің 5-ші кездесуінің қорытындысы бойынша ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.
Тәжірибе алмасуды және заманауи медициналық технологиялар трансферін қоса алғанда, Қазақстанның ұйыммен өзара іс-қимылын кеңейту жөніндегі жоспарлар талқыланды, Қазақстанның және басқа серіктес елдердің денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі ұсыныстары қаралды.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін шоғырландырудың маңыздылығына назар аударылды. Премьер-министр тек үйлестірілген іс-қимылдар мен тығыз әріптестік халықтың денсаулығына төнген ауқымды қауіп-қатерлерге тиімді жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта біз денсаулық сақтау жүйесін белсенді түрде жаңғыртып жатырмыз: инфрақұрылымды жақсарту, көпсалалы ауруханалар салу, оларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және фармацевтика өнеркәсібін нығайту бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда. Біздің бастамаларымызға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Тыныс алу органдары мен қан айналымы жүйесі ауруларының азаюы және өлім-жітімнің төмендеуі – техникалық және сарапшылық қолдауға негізделген біздің бірлескен жоспарлы жұмысымыздың нәтижесі. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз, сондай-ақ заманауи медициналық технологиялар трансфертін кеңейтуге мүдделіміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиын барысында серіктес елдердің Денсаулық сақтау министрлері Қазақстанның медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту саласындағы жетістіктерін атап өтті. Алдағы екі жылда МСАК-ты дамыту, ТЖ жағдайында медициналық көмек көрсету, туберкулезбен және өзге де аурулармен күрес, фармакологиядағы, атап айтқанда Мажарстанның тиісті мемлекеттік органдарымен кооперация, су гигиенасын дамыту және басқа да ынтымақтастықты нығайту тақырыбы болып саналады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен өзара іс-қимыл ДДҰ Еуропадағы өңірлік бюросы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы екі жылдық ынтымақтастық келісімдерін іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады. 2024-2025 жылдарға арналған тараптар бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын, оның ішінде медициналық қызметтермен жалпыға бірдей қамту, төтенше жағдайларға дайындық, жұқпалы емес аурулардың алдын алу және «Бірыңғай денсаулық» тәсілін енгізуді айқындады.
Кездесу барысында ДДҰ Еуропадағы өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге алдын алу шараларының кең ауқымының нәтижесінде созылмалы инфекциялық емес аурулардан мезгілсіз өлім-жітімді төмендету бойынша Қазақстанның жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ МСАК дамыту саласындағы ынтымақтастықты арттыру жоспарлары айтылды.
«Қазақстан – жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық және басқа да созылмалы жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді төмендетуге қол жеткізген әлемдегі он елдің бірі. Қазақстанның алдын алу саласында қабылдап жатқан шаралары үлкен әсер етті: вейптерге тыйым салынды, алкогольге қатысты қатаң саясат жүргізілуде, «адам папилломасы» вирусына қарсы екпе салу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгін біз ынтымақтастығымыздың екінші кезеңі туралы айтып отырмыз, оған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек академиясының ашылуы кіреді, онда Қазақстаннан келген жас мамандар оқытудан өтіп, МСАК деңгейінде қызмет көрсетудің заманауи жүйесі бойынша жетекші маманы болады», — деп атап өтті Ханс Клюге.
Қазақстан ДДҰ-ның МСАК бойынша екі жаһандық декларациясының (Алматы,1978 жылы және Астана, 2018 жылы) Отаны ретінде қолжетімді және сапалы алғашқы көмек қағидаттарын белсенді енгізіп, іске асыруда. Елімізде науқастарды өз бетінше қабылдауға баса назар аудара отырып, мейірбикелік практика дамыды, қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау үшін скринингтің жаңа түрлері іске қосылды, Кардиология, онкология, эндокринология бойынша құзіреттілік орталықтары дамуда.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның денсаулық сақтау саласына салынған инвестиция көлемі 8,4%-ға өсіп, шамамен $920 млн-ға жетті, оның үштен бірі жеке секторға тиесілі.
Сонымен қатар, фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өсіп, $91,3 млн-ды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жыл сайын отандық өндірістегі дәрілік заттардың үлесі артып келеді, 2029 жылға қарай ол 50%-ға жетеді деп жоспарлануда.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда Қазақстанда медициналық 784 нысан пайдалануға берілген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 467 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарының құрылысы аяқталды.
Түркі мемлекеттері ұйымы денсаулық сақтау министрлерінің 5-ші кездесуінің нәтижесінде денсаулық сақтау мәселелері бойынша Түркі мемлекеттерінің ұйымы елдерінің декларациясына, Денсаулық сақтау саласындағы бірлескен іс-қимыл жоспарына, кадрлар даярлау, биологиялық қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға және басқа да құжаттарға қол қойды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы аясындағы халықаралық іс-шаралар шеңберінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің ДДҰ Еуропадағы өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен екіжақты кездесуі өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ арасында қол қойылған 2025-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығы атап өтілді.