Ресей Федерациясында мемлекеттік және бизнес-құрылымдардың, ірі халықаралық компаниялардың, қоғамдық ұйымдардың басшыларын, бейінді сарапшылар мен журналистерді біріктіретін және атом технологиялары базасында технологиялық және инновациялық дамудың өзекті мәселелері талқыланатын алаң болып табылатын дәстүрлі “АТОМЭКСПО-2024” ХІІІ Халықаралық форумы өткізілді.
Оған 76 елден түрлі салалар бойынша делегаттар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі әлемде атом энергетикасы төмен көміртекті генерацияның тұрақты, сенімді және ұзақ мерзімді көзі ретінде ерекше маңызға ие. Форумның негізгі тақырыбы “Таза энергетика: Болашақты бірге құруда” деп аталады.
Форум аясында пленарлық отырыс, сондай-ақ әлемнің түрлі елдерінен мүдделі қатысушыларды тарта отырып, тақырыптық сессиялар мен панельдік пікірталастар өткізілді. Форум қонақтарына атом технологиялары және басқа да ілеспе салалардағы озық жетістіктерді көрсететін көрме экспозициясы ұсынылды.
“Русатом Хэлскеа” АҚ бас директоры Игорь Обрубовтың шақыруымен форумға “Денсаулық сақтау үшін инновациялық шешімдер – қажеттіліктер мен мүмкіндіктер” тақырыбы бойынша панельдік пікірталасқа спикер ретінде Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова қатысып, Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласына арналған инновациялық жобалар мен өңірде ядролық медицинаны енгізу туралы баяндады. Өз сөзінде Жанар Мықтыбекқызы Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласына арналған инновациялық шешімдер, сондай-ақ өңірде ядролық медицинаны енгізу туралы айтты. Бүгінгі таңда денсаулық сақтауды дамытуға, атап айтқанда, онкологиялық аурулармен күреске ерекше назар аударыла отырып, Жамбыл облысы елеулі жетістіктер мен болашаққа арналған өршіл жоспарларды көрсетуде.
– Онкологиялық көмекті жетілдіру – өзекті міндет болып табылады: жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандықта қатерлі ісік диагнозы расталады, 13 мың пациент қайтыс болады, – деді спикер. – Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және оңалту үшін жағдай жасаумен қатар, медициналық көмекті жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осылайша, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңге арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекітті.
Кешенді жоспардың кезеңдерін іске асыру мынадай бес негізгі бағыт бойынша және 5 жыл ішінде көзделген:
– тәуекел факторларының алдын алу және басқару;
– жоғары тиімді ерте диагностика;
– мамандандырылған емдеуді дамыту;
– паллиативтік көмек және оңалту;
– кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту.
Жоспардың іс-шараларын іске асыру еліміздің тұрғындарының дамудың бастапқы кезеңдерінде өкпе ауруларын диагностикалау, жатыр мойны патологиясының қауіп факторы ретінде адам папилломавирусымен инфекцияны анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны кеңінен қолдану есебінен ерте кезеңдерде қатерлі ісік диагностикасының заманауи технологияларына қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитронды-эмиссиялық томографияны, радиоизотоптық зерттеулерді пайдалана отырып, қазіргі заманғы сәулелік диагностика аппараттарында тексеру мүмкіндігі едәуір артады және ең бастысы, телемедицина мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көзделмекші.
Облыс аумағында 250 төсектік онкологиялық орталық салынды, бұл оның тұрғындарына заманауи деңгейде жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Даму стратегиясы шеңберінде Жамбыл облысы ядролық медицина мен радионуклидтік терапияны қоса алғанда, медицинада инновациялық технологияларды пайдалануды кеңейтуге бағытталған.
– Росатомның ядролық медицина саласындағы жобаларды іске асыруда айтарлықтай тәжірибесі мен құзыреттілігі бар екенін ескере отырып, біздің бірлескен жұмысымыз әлеуметтік маңызы бар ауруларды, атап айтқанда онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мәселелерінде айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұл өзара әрекеттесудің ең маңызды мақсаты бар – дәрігерлер мен пациенттердің денсаулықты сақтау және нығайту үшін ең заманауи технологияларға қол жетімділігін арттыру. Радионуклидтік терапия орталығы Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қосады, – деп түйіндеді Ж. Оспанова.
Пленарлық отырыс барысында қатысушылар атом энергетикасын, оның ішінде медицинада қолданудың жалпы тәсілдерін талқылады.