Қызылорда облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, мәслихат депутаттары Садық Мұстафа, Мақсұт Нәлібаев, Қанағат Сақтағанов және Нұркен Бақытбекұлы қала аумағындағы бірқатар ірі құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Алдымен халық көп баратын Президент саябағында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары көрілді. Қолға алынған абаттандыру жобаларының ауқымы өте кең. Бас мердігер «Bi Global» ЖШС саябақ аумағын заманауи демалыс кеңістігіне айналдыруды жоспарлап отыр. Жоба бойынша саябақта: 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт және 4 «workout» алаңы, 7 демалыс аймағы, 4 фудкорт, теннис үстелдері, биіктігі 50 метрлік айналмалы дөңгелек, би алаңы, стритбол, вело және жүгіру жолақтары, сахна, сарқырама арналары мен көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары, арқан саябағы және модульдік санитарлық нысандар салынбақ.
Саябақ аумағында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орынды балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) да бой көтеріп келеді. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстарын «Alem Qurylys AQ» ЖШС жүргізуде. Жоба аясында спорт блогы, іс-шараларға арналған «event-аймақ», тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион және футбол алаңы салынуда.
Мәслихат төрағасы одан әрі қайта жаңғыртудан өткен Қорқыт ата саябағында болды. Бұл аумақ бүгінде тұрғындардың демалуына, серуендеуіне және балалардың ойнауына қолайлы кеңістікке айналып отыр. Абаттандыру барысында брусчатка төселіп, аумақ толық көгалдандырылды, жаңа субұрқақтар, спорт және балалар ойын алаңдары орнатылды, серуен жолдары, жарық шамдары жасақталды, келушілерге арналған орындықтар мен шағын сәулеттік нысандар қойылды, суару жүйесі толық жаңартылды.
Соңғы жылдары қалалық мәдени-демалыс паркі, орталық алаң, ботаникалық саябақ секілді тұрғындар жиі жиналатын орындар жаңартылып, пайдалануға берілді. Қаланың жаңа демалыс аймақтарының санының артуы бір жағынан қаланың көріктенуіне ықпал етсе, екінші жағынан үлкендер мен балаларға бірдей қолайлы орта қалыптастырып келеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар – қала инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындарға сапалы демалыс орындарын ұсыну бағытындағы жүйелі бастамалардың жалғасы.