Дәрігерлерге күш қолданғандар енді қатаң жазаланады

0 2

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қатысты жазаны күшейту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекске жаңа 158-1-бапты енгізу қарастырылуда. Бұл бап аясында дәрігерлерге күш қолданған адамдарға 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылмақ. Егер мұндай әрекет төтенше жағдай кезінде жасалса, кінәлі тұлға 10 жылға дейін, ал бірнеше медицина қызметкеріне шабуыл жасаған жағдайда 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заң жобасы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен алдын ала оң қорытынды алған. Күзде Парламентте қаралуы жоспарланып отырған бұл бастама соңғы жылдары дәрігерлерге қарсы жасалған әрекеттердің көбейіп кетуіне байланысты қолға алынып отыр.

Сонымен қатар, министр емханалар қызметін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру үшін ем алушылардың дәрігер қабылдауына өздігінен жазылу жүйесі жолға қойылған. Былтыр бұл көрсеткіш небәрі 4 пайыз болса, бүгінде 70 пайыздан асып отыр. Диспансерлік есептегі науқастар алдымен медбике бақылауынан өтіп, барлық қажетті анализдерін тапсырып барып дәрігерге жолданады. Бұл тәсіл дәрігерлердің жүктемесін азайтып, қабылдау процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауруханаға жатқызу алдындағы талдаулардың саны азайтылып, олардың жарамдылық мерзімі халықаралық стандарттарға сай ұзартылған.

Министрлік өңірлерде осы өзгерістердің нақты іске асуын қамтамасыз ету үшін арнайы мониторингтік топтар құрған. Биыл 20 аймаққа аттанған бұл топтар тексеру жүргізіп қана қоймай, жергілікті емдеу мекемелеріне әдістемелік көмек те көрсетеді. Министрдің айтуынша, бұл қадамдар медициналық қызмет сапасын жүйелі түрде жақсартуға, халықтың денсаулығын қорғауға және дәрігерлердің кәсіби қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.