Мемлекеттің экономикалық саясатының бір бөлігі – салық саясаты. Ол салық негізін, мөлшерлемесін, жеңілдіктерін және шегерімдерін өзгерту жолымен іске асырылады. Жалпы, қай өңірдің болмасын экономикасының тұрақты дамуы мен қаржылық жүйенің тиімділігін қамтамасыз етуде салықтық түсімдер мен бюджеттің толықтырылуы маңызды рөл атқарады.
Шығыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш өткен жылдың қорытындысы бойынша, бюджетке түскен қаржы көлеменің артқандығын мәлімдеді.
Нақтырақ айтар болсақ, 2024 жылы жергілікті бюджетке 219,6 миллиард теңге түсті, бұл жоспарланған көрсеткіштен 6,2 миллиард теңгеге артық (орындау – 102,9 пайыз). Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 123,2 пайызды құрап отыр. Ең үлкен түсімдер жеке табыс салығы – 67,3 миллиард теңге, корпоративтік табыс салығы – 43,2 миллиард теңге және әлеуметтік салық – 53,9 миллиард теңге.
– Департамент қызметінің маңызды бөлігі цифрлық технологияларды енгізу болды. Қазіргі уақытта 90,5 пайыз мемлекеттік қызмет автоматтандырылған, ал олардың 36-сы Электрондық үкімет порталында қолжетімді. Сонымен қатар, «Е-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» мобильді қосымшалары белсенді дамып келеді. Бұл сервистер азаматтар мен кәсіпкерлерге қызметтерді ыңғайлы пайдалануға және салық есептілігін тапсыруға мүмкіндік береді, – деді Сайранқан Қабышұлы.
Спикердін айтуы бойынша ағымдағы жылдан бастап жаңа ақпараттық жүйе – салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі (СӘИЖ) енгізіледі. Ол қолданыстағы 7 жүйені алмастырып, мемлекеттік қызмет көрсету процестерін айтарлықтай жеделдететін көрінеді.
Сондай-ақ бүгінде департамент кәсіпкерлер мен азаматтарды хабарландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Салық жүйесіне қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар жариялап, салық төлеушілермен түрлі іс-шара мен кездесулерге өткізіген. Сонымен қатар, жергілікті жоғары оқу орындарымен меморандумдар жасалып, университеттерде салық және кеден саласындағы білімді арттыру бойынша тұрақты семинарлар өткізу арқылы департамент жастармен жұмыс аясын да кеңейткен.
Бұдан бөлек жиында ыңғайлы сервистерді енгізуге ерекше назар аударылып жатқандығы сөз болды. Енді азаматтар салықтар, шоттардың бұғатталуы және тіпті жеке тұлғалардың банкроттығы туралы ақпаратты «Salygbot Telegram»-боты арқылы ала алады.
Өңірдегі салықтық жүйенің тиімділігі, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке түскен қаражаттың айтарлықтай ұлғайғаны байқалады. Бұл салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет сапасын жандандыру нәтижесінде мүмкін болып отырғандығы белгілі.
Алдағы уақытта да департамент жұмысы жанданып, экономикалық тұрақтылықты нығайтуда, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін салық төлеу процесін жеңілдету бағытында жүйелі жұмыстар өз жалғасын таппақ.