Бүгінгі таңда бюджеттік қаржыны тиімді пайдалану және оны дұрыс жоспарлау – ел дамуының басты көрсеткіштерінің бірі болып отыр. Әрбір бөлінген қаражат халықтың әл-ауқатын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Осы тұрғыда өңірлердегі бюджетті жоспарлау мен оның игілікті жұмсалуы Өңірлік стандарттар жүйесі арқылы бағалануда. Бұл жүйе аймақтардағы инфрақұрылымдық даму деңгейін теңестіруге және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Экономикалық зерттеулер институтының 2023 жылғы талдауы бойынша Жамбыл облысы өңірлік стандарттарға сәйкес, халықты өмір сүруге қажетті игіліктермен қамту деңгейін 69,3 пайызға жеткізіп, республика бойынша 7-орыннан көрінді. Ал, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 74,1 пайызға өсіп, облыс 4-орынға көтерілді. Айта кетерлігі, алғашқы үштікті Астана, Алматы және Шымкент сынды ірі мегаполистер бастап тұр. Бұл Жамбыл облысының өңірлер арасында көшбасшылыққа ұмтылғанын айғақтайды.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің айтуынша, 2024 жылы облыстың бюджет кірістері 701,4 миллиард теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 53,8 миллиард теңгеге артқан. Оның ішінде өзіндік кірістер көлемі 179,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 28,9 миллиард теңгеге өскен. Осылайша өзіндік кірістердің жалпы бюджет кірісіндегі үлесі 23,2 пайыздан 25,6 пайызға ұлғайды.
Бюджетті толықтыруда салықтық түсімдердің де маңызы зор. Өткен жылы облыста 349 салық төлеуші қайта тіркеліп, 78 ірі кәсіпорыннан жергілікті бюджетке 5,6 миллиард теңге түсті. Ал, биыл бұл көрсеткіш 6,2 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Оның 3,1 миллиарды жергілікті бюджетке бағытталмақ.
2024 жылы облыс бюджетінің негізгі бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалды. Облыстың 2025-2027 жылдарға арналған бюджет шығындары халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отыр. Оның ішінде:
- Әлеуметтік осал топтарды қолдау.
- Инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту.
- Денсаулық сақтау жүйесін жақсарту.
- Саламатты өмір салтын қалыптастыру.
- Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту.
- Агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру сынды негізгі бағыттар қамтылған.
Жалпы, әлеуметтік салаға 434,2 миллиард теңге бөлініп, бұл облыстық бюджет шығынының 59,6 пайызын құрады.
Өткен жылы облыс бюджетінің жалпы шығыны 727,9 миллиард теңгені құраса, оның ішінде:
- 281 миллиард теңге – еңбекақы қорына.
- 271 миллиард теңге – ағымдағы шығындарға.
- 41 миллиард теңге – күрделі шығындарға.
- 135,6 миллиард теңге – даму бюджетіне бағытталды.
Нәтижесінде:
- 16 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
- 8 оқушы орны тапшылығы бар мектептің мәселесі шешілді.
- 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектеп қайта жаңғыртылды.
- 10 мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Денсаулық сақтау саласында:
- 22 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, оның 18-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.
- 2 қалалық медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар, спорт және мәдениет салаларында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Аймақта 10 жаңа спорт кешені мен 103 спорт алаңы ашылды. 9 мәдениет нысаны пайдалануға берілді.
Жалпы алғанда, мемлекет тарапынан тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бюджет қаражатын тиімді басқаруға ерекше көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта да өңірлік стандарттар көрсеткішін арттыру мақсатында жұмыстар жалғаса бермек.