Жамбыл облысында мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл тақырыпқа арналған кезекті кеңес Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Жиынға облыс және Тараз қаласы әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ жеке күзет ұйымдарының басшылары қатысты. Кездесу барысында бұқаралық іс-шаралар өтетін нысандарда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары жан-жақты қаралды.
Кеңесте жеке күзет ұйымдарын мәдени және спорттық шаралар кезінде тарту тетіктері, олардың полиция және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар қауіпсіздікті қамтамасыз етуде барлық жауапты құрылымдардың бірлесе әрекет етуі маңызды екенін атап өтті.
Жамбыл облысы Полиция департаменті күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Серік Әлдібеков қауіпсіздік саласындағы бірлескен жұмысты күшейту азаматтардың қорғалу деңгейін арттырып, қоғамдық тәртіптің сақталуына оң ықпал ететінін жеткізді.
– Бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі. Бұл бағытта полиция мен жеке күзет ұйымдарының үйлесімді жұмысы аса маңызды, – деді ол.
Сонымен қатар кеңес барысында білім беру ұйымдарында күзет қызметін ұйымдастыруға қойылатын жаңа талаптар түсіндірілді. Қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын сақтау, әсіресе мектептер мен балабақшаларда балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесіне басымдық беру қажеттігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жұмыстарды күшейту, жауапты органдар арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеу және қауіпсіздік талаптарының орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.