Бүгіні бақуатты, келешегі кемел Көксу

0 4

Жетісу облысының Көксу ауданында соңғы үш жылда пайдаланылмай жатқан 46,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінгі күнге қайтарылған жерлердің 30,2 мың гектары немесе 64,4 пайызы айналымға тартылды. Соның 16,4 мың гектары конкурс арқылы 13,8 мың гектары ауданның барлық ауылдық округтеріне қоғамдық жайылым ретінде берілді. Бұл жайында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды.

Осы ретте биылғы жылы 41 учаскеге 3 конкурс ұйымдастырылып, 6,4 мың гектар жер табысталды. Қайтарлылған жердің қалған 16,7 мың гектары шаруа қожалығымен айналысамын деген азаматтарға конкурс арқылы 2026 жылдың 1 жартысының соңына дейін берілетін болады. Осыған байланысты Көксу ауданының аграрлық бағытын ескере отырып, бұл жұмыстарды жандандыру тапсырылды.

— Ауылшаруашылығында ауданда биылғы жылдың 9 айында 24,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Мұндағы егіс алқаптарының көлемі – 30,7 мың гектар. Бүгінгі күнге 8,8 мың гектар бидай және арпа толық орылып, 17,7 мың тонна астық бастырылды. 1,8 мың гектар жүгерінің 1,4 мың гектары орылып, 12,5 мың тонна өнім жиналды. Сондай-ақ себілген 11,5 мың гектар майбұршақтың 8 мың гектары жиналып, 18,3 мың тонна өнім алынды. Мемлекет тарапынан бұл бағытта көмек көрсетіліп, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер беріліп келеді. Аудан диқандары осы мүмкіндіктерді пайдаланып, 47 ауылшаруашылығы техникасын сатып алды. «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында 30 өтінім бойынша 605,8 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді, — деді Б. Исабаев.

Өңір басшысы аудандағы суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатындағы су шаруашылығы нысандарын жаңғырту мәселесіне де назар аударды. Осы мақсатта «Ислам Даму Банкінің» қаражаты есебінен «Көксу ауданының суару желілерін қайта жаңарту жобасы» іске асырылуда. Жоба 2027 жылы толық аяқталып, соның нәтижесінде 16 мың гектарға жуық аумақта сумен қамту жақсартылады.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту — экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі.  Мәселен, Көксу ауданында жұмыс істеп тұрған 4,5 мыңнан астам бизнес субъектісі бар, онда 6,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жылғы 1 қазандағы жағдайы бойынша кәсіпкерлікті қаржылай қолдау аясында 1,9 миллиард теңгеге 10 жоба қаржыландырылды.

Облыс әкімі халықпен өткен жылғы кездесуде тұрғындар көтерген мәселелердің  жай-жапсарына да тоқталды. Атап айтқанда, Балпық би ауылының тұрғыны Салтанат Әбдірахманованың ауылға түнгі көше жарық шамдарын орнату туралы өтініші оң шешімін тауып, ауыл көшелеріне жарықтандыру тіректері орнатылған.

Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Екі мыңнан астам адам тұратын З.Тамшыбай ауылының тұрғындарын көптен бері ауызсу мәселесі алаңдатып келеді. 1970 жылдары салынған су құбыры желілері әбден ескіріп, апаттар мен судың уақытша тоқтап қалуына жиі себеп болуда. Жауаптан белгілі болғандай, ауылдың сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және жаңа желілер салудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Жобаны жүзеге асыру келесі жылға жоспарланып отыр. Мәмбет ауылының тұрғыны инженерлік желілер тартылған шағынаудан аумағы қашан абаттандырылатынын сұрады. Өңір басшысы аталған аумақты абаттандыру жоспарда бар екенін жеткізді. «Koksu S&M Company» ЖШС сүт зауытының директоры кәсіпорынға кәріз жүйесін тарту үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында қолдау көрсетуді сұрады. Бұған дейін мемлекеттік қолдау арқылы зауытқа газ тартылған болатын. Ал, кәріз желілеріне қатысты мәселені егжей-тегжейлі қарау тапсырылды.

Осы күні облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап,  Балпық би ауылындағы М. Сеңгірбаев атындағы орталық саябақты абаттандыру жоспарымен танысты, ауданға жұмыс істеуге келген мамандарға жақында берілген 20 пәтерлі тұрғын үйде болды.