Бостандыққа шыққан азаматқа құқықтық көмек көрсетілді

0 4

Қоғамнан оқшауланған азаматтарды қайта әлеуметтендіру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Түрме қабырғасынан шыққан әрбір адамның қоғамға бейімделуі тек оның ғана емес, тұтас елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін маңызды. Осыған орай, елімізде «Қақпа алдында кездесу» атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба – жазасын өтеп шыққан азаматтардың өмірге қайта бейімделуіне қолдау көрсетуге бағытталған. Мақсат – олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру арқылы заңға қайшы әрекеттерге қайта баруына жол бермеу, сондай-ақ еркін өмірге оңай бейімделуіне жағдай жасау.

Жуырда Жамбыл облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінде осы жоба аясында іс-шара ұйымдастырылды. Жаза мерзімін толық өтеген 36 жастағы Тараз қаласының тұрғыны бостандыққа шықты. ҚАЖ қызметкерлері оны салтанатты түрде шығарып салып, «Қақпа алдында кездесу» жобасы шеңберінде кең көлемде түсіндіру жұмысын жүргізді.

Іс-шара барысында ер азаматқа бостандықтағы өмірде заң талаптарын сақтау қажеттігі айтылып, мемлекеттік және жергілікті органдар тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау тетіктері түсіндірілді. Жұмыспен қамту, медициналық көмек, құжаттарды қалпына келтіру, әлеуметтік бейімделу сынды маңызды бағыттар бойынша кеңестер берілді.

– Біздің басты мақсатымыз – бостандыққа шыққан азаматтарға сенім ұялату. Олар қоғамнан жат емес екенін сезінуі керек. Сол үшін біз құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз, – дейді мекеме қызметкерлері.

Айта кету керек, аталған жоба аясында жазасын өтеп шыққан азаматтармен түрлі сала мамандары – пробация қызметінің өкілдері, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар тұрақты түрде жұмыс істейді. Осындай жан-жақты қолдаудың нәтижесінде жазасын өтеген азаматтардың өмірге деген көзқарасы өзгеріп, қоғамға бейімделуі жеңілдейді. Бұл өз кезегінде қайталанатын қылмыстардың алдын алып, еліміздегі қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайта түсері сөзсіз.