Жамбыл облыстық полиция департаментінің тыныс-тіршілігімен танысу бақыты осы жолы болашақ буынға бұйырды. Әдетте салмақты жиындар мен ресми кездесулер өтетін департаменттің мәжіліс залы бұл жолы күлкі мен қуанышқа толды. Себебі, полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев «Мен полицей боламын» атты балаларға арналған шығармашылық байқаудың жеңімпаздарымен және қатысушыларымен бір күнін бірге өткізді.
Әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылған бұл байқау жазғы демалыс кезінде балаларға шабыт сыйлап қана қоймай, олардың полиция қызметі жайлы түсінігін кеңейтуге бағытталған. Байқауға 8 бен 12 жас аралығындағы 50-ден астам жас суретші қатысты. Балалар әртүрлі техникада сурет салып, полиция қызметінің қыр-сырын өз көзқарастары арқылы бейнелеген. Кейбір қатысушылар тіпті, шағын бейнероликтер түсіріп, құқық қорғау саласының маңызын өз тілінде жеткізуге тырысқан.
– Ұлым ерекше бала. Бірақ, соған қарамастан, біз бұл байқауға қатысуға шешім қабылдадық. Ол қатты толқыды, дегенмен сурет салғанда бар жан-тәнімен берілді. Жүлдегер атанғанын естігенде оның қуаныштан көзіне жас келгенін көріп, мен де тебіреніп кеттім, -дейді байқауға қатысушысының анасы Анна Красикова.
Іс-шара барысында балаларға дипломдар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ал, шараның шарықтау шегі – департамент ішіндегі экскурсия болды. Балаларға музей мен «Жедел басқару орталығы» таныстырылды. Мұнда олар бейнебақылау жүйелерінің жұмысымен жақын танысып, полицияның жол қозғалысын қалай қадағалайтынын көрді. Кейбір балдырғандар тіпті, болашақта полиция қызметіне келгісі келетіндерін де айтып жатты.
– Біз балалармен осындай кездесулер арқылы олардың бойына отансүйгіштік пен әділдікке деген сенімді ұялатуға тырысамыз. Бүгінгі іс-шара сол мақсаттағы нақты қадамдардың бірі, — деді департамент бастығы Бақытжан Малыбаев.
Бұл күн балалар үшін ұмытылмас әсер мен жаңа шабыттың бастауы болды. Ал, ата-аналар мен полиция қызметкерлері үшін – болашақ ұрпақпен байланысты нығайтуға арналған маңызды мүмкіндік.