Биыл Ақтөбе облысында тұрғындарды газбен қамту бағытында 18 жоба іске асырылады. Оның ішінде ауыспалы жобалар да, жаңа жобалар да бар. Бұл іске бюджеттен 9,8 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде жалпы саны 12,1 мың адам тұратын 27 ауыл газдандырылмақ.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарованың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында биылғы бастапқы жарты жыл ішінде аталған салада атқарылған жұмыстар жөнінде айтылды.
Қазір облыстағы 319 елді мекеннің 172-і немесе 53,9 пайызы газдандырылған. Дегенмен, осы елді мекендерде облыс тұрғындарының 95,6 пайызы тұратынын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш екені сөзсіз. Облыста 887,2 мың адам көгілдір отынмен қамтылған.
Ал, ауызсумен қамту көрсеткіші — 91,2 пайыз, яғни 291 елді мекен қамтылған. Бұл елді мекендерде облыс халқының 99,2 пайызы тұрады. Өткен жылы жалпы саны 2385 адам тұратын бес ауылға орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілді.
Қазір таза ауызсумен қамтылмаған 28 ауыл қалып отыр. Оның ішінде 10 ауылға орталық су жүйесі жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауызсуға қолжетімділік көрсеткішін 99,9 пайызға жеткізу көзделген.
Жиында сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық, Ақтөбе жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстары, тұрғын үй қорын жаңғырту, тағы басқа мәселелер де қозғалды.