Біртұтас, дәйекті логистикалық тізбек құрылуда

0 1

Әлемде саяси ахуал ушығып, жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұрған, экономикалық дамуға, өзара тиімді сауда-саттыққа тұсау болып отырған қазіргі кезде елімізде өндірілген тауарлар мен шикізаттарды әлемдік нарыққа шығарудың баламалы жолдарын іздестіру мен қалыптастырудың маңызы аса зор. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатты мән беріп келеді. Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика секторын дамыту стратегиялық мәні айрықша басымдық екенін айтса, Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында  Үкіметке «Транскаспий» халықаралық көлік дәлізіне (ТХКД) тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда ел Үкіметі осы бағытта жүйелі жұмыс атқаруда. Атап айқанда, Грузияның  «Поти» портында «PTC Holding» компаниясы салған, жобалық қуаты жылына 120 мың жиырма футтық эквивалентті құрайтын жаңа қазақстандық контейнер терминалы іске қосылды. Бұл Грузияның негізгі теңіз хабтарының бірінің аумағында жүзеге асырылған алғашқы қазақстандық инфрақұрылымдық жоба «Транскаспий» халықаралық көлік дәлізін дамытудағы маңызды қадам болып отыр.

«Бұл орта дәліз бойынша жүк ағынының көлемін арттыруда маңызды рөл атқаратын бірлескен табысты жұмыстың жарқын мысалы. Аталмыш жоба Қытайдың Ляньюньган және Сиань қалаларындағы логистикалық терминалдарды қоса алғанда, ТХКД шеңберінде Қазақстанның қолданыстағы инфрақұрылымын үйлесімді түрде толықтырып отырғанын атап өту маңызды. Осылайша, Шығыс Азияны Еуропамен байланыстыратын біртұтас, дәйекті логистикалық тізбек құрылуда», — деп атап өтті Премьер-Министр Олжас Бектенов Грузияның экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвилимен кездесуінде.

Екі ел арасындағы сауда мен инвестицияларды дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистикалық байланыстарды, оның ішінде «Транскаспий» халықаралық көлік бағыты шеңберінде кеңейту мәселелері қаралған жүздесуде Олжас Бектенов Қазақстан Грузияны тұрақты және өзара тиімді экономикалық әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның жөні де бар. Биыл қаңтар-мамыр айларында екі ел арасындағы тауар айналымы $75,2 миллионды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,7 пайызға артық.

Кездесуде бірінші жартыжылдықта елдер арасындағы теміржол жүк тасымалының көлемі 159,5 мың тоннадан асқаны, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 пайызға артық екені айтылды. «Транскаспий» маршрутын дамыту дәліздің тиімділігін арттырып, қосымша транзиттік жүктер мен инвестицияларды тартуға, сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның өңірдің негізгі логистикалық орталықтары ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, Батуми мұнай терминалы мен портының қуатын кеңейту, қазақстандық ауылшаруашылығы өнімдерін грузин нарығына жеткізуді ұлғайту мүмкіндіктері талқыланды. Бұл орайда, Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвили Қазақстанмен сауда, туризм және логистикалық инфрақұрылым салаларында әріптестікті кеңейтудің, экономикалық өсімді ынталандыру мен көлік желісін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Енді қос тарап Үкіметаралық комиссия шеңберінде кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмыс атқаратын болады.