Бірлік пен егемендік – Мәңгілік елдің берік іргетасы

0 3

Кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы – ел ішіндегі келісім мен өзара сыйластыққа тікелей байланысты. Әсіресе қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен күрделі геосаяси жағдайда бұл қағидаттың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Осы тұрғыда Қазақстан өз жолын ерте таңдаған мемлекеттердің бірі. Тәуелсіздікке бастау болған алғашқы тарихи қадам – 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» еді. Бұл құжат елдің саяси-құқықтық іргетасын қалап қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақ жерін мекендеген барша этнос өкілдерін ортақ мақсат пен ортақ тағдырға біріктірді.

Декларация 17 тармақтан тұрды. Онда Қазақстан халқы мемлекеттің егемендігінің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп танылды. Сондай-ақ ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, ұлттық мәдениет пен тілдің, дәстүр мен рухани құндылықтардың сақталуы және дамуы мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындалды. Бұл қағидалар кейін Тәуелсіздік туралы заңда, Конституцияда және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуында өз жалғасын тапты.

Сол кезеңде елдің саяси және әлеуметтік жағдайы күрделі болатын. Кеңестік жүйе ыдырап, қоғамда белгісіздік пен үміт қатар тұрған шақта егемендік идеясын жариялау – үлкен ерлік пен көрегенділікті талап етті. Бұл бастамаға белсене атсалысқан көрнекті тұлғалар – академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Мұрат Әуезов, Марат Оспанов сынды азаматтардың еңбегі мен табандылығы тәуелсіздік тарихындағы ерекше парақ болып қалды.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Егемендік декларациясының маңызын айта келіп: «Бұл құжат тек саяси дербестіктің бастауы ғана емес, елдегі этносаралық келісім мен өзара сыйластықтың негізін қалаған маңызды шешім болды. Сол құндылықтар бүгінде Жаңа Қазақстанның реформаларында, заң шығару тәжірибесінде өз жалғасын тауып отыр», – дейді.

Парламент қабырғасында қабылданған көптеген заңдар ел ішіндегі бірлік пен татулықты, әр этностың тең құқықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәжіліс пен Сенаттағы «Бір ел – бір мүдде» атты депутаттық топ осы бағыттағы саясатты заңнамалық тұрғыда нығайтып келеді. Н.Дементьева атап өткендей, этносаралық тұрақтылықтың мәні – айырмашылықтардан арылуда емес, керісінше олардың құндылығын мойындауда. «Біздің басты қағидамыз – бірлігіміз әралуандылықта», – дейді халық қалаулысы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігінің нақты институтына айналды. Оның құрылуы мен дамуы қоғамның келісім мен татулыққа негізделген қазақстандық үлгісін қалыптастырды. Бүгінде Ассамблеяның жұмысына түрлі этнос өкілдерімен қатар жастар белсенді қатысуда. «Ассамблея жастары» қозғалысы патриоттық тәрбие, мәдениетаралық диалог пен азаматтық белсенділікті дамытудың тиімді алаңына айналып келеді.

Аталған ұйымның төрағасы Тимур Жұмырбаев: «Біз жастар арасында келісім мен өзара түсіністік қағидаттарын дәріптейтін жобаларды жүзеге асырып келеміз. Биыл Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақстандық Ассамблеяның жастармен жұмыс тәжірибесі ұсынылды. Бұл – еліміздің қоғамдық келісім моделін халықаралық деңгейде мойындатудың айқын дәлелі», – дейді.

Тәуелсіздіктің бастауы болған Егемендік декларациясының тарихи маңызы бүгінде одан сайын тереңдей түсті. Өйткені мемлекеттің ең басты байлығы – бейбіт өмір мен ынтымақ. Бірлігі жарасқан ел ғана биік белестерді бағындырады. Осыдан 35 жыл бұрын қабылданған Декларация елдің саяси тәуелсіздігімен бірге рухани тұтастығын бекітті.

Бүгінгі ұрпақтың міндеті – сол құндылықтарды сақтау, оны келер буынға жеткізу. Бірлік пен келісім – мәңгілік ел болудың басты кепілі. Тәуелсіз Қазақстанның әр жетістігі мен табысы – осы ынтымақтың жемісі. Егемендік декларациясы соны дәлелдеген тарихи құжат болып қала береді.