Көне жәдігерлерді жарыққа шығарып, оның сырын паш ететін археологтар арасында «Бір көне жәдігер бір ғасырдың сырын баяндайды» деген тәмсіл бар. Бұл тәмсілдің бекер айтылмағанын Жуалы ауданының тарихи-өлкетану музейіндегі көне жәдігерлерден де байқаймыз. Мысалы музей экспонаттары қатарында жеміс-жидектің сөлін айдайтын тас бар. Табылған орны – Теріс өзенінің бойындағы ортағасырлық Баркуаб қаласының маңы.
Археология саласының білгірі Сауран Қалиевтің айтуынша, араб географы Убайдуллах Ибн Абдуллах Ибн Хордарбектің мәліметі бойынша «Барку» сөзі «Теріс» деген мағына береді екен. Араб тілінде «аб» деген жалғау «су» дегенді білдіреді. Яғни, қалашықтың толық атауы «Теріс су» болып шығады.
Қалашықты 1893 жылы В.Бартольд ашып зерттеген. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Әулиеатаның сол замандағы басшысы болған В.Каллаур аталған географиялық кешенге көңіл бөліп, ежелгі Тараздан ортағасырлық Испиджаб, батысындағы Ұлы Жібек жолының бойындағы қалашықтың бірі болғандығын, оны «иркут» деп Баркуаб қалашығын баламалаған. Тарихшы Сауран Қалиев Теріс бойындағы ежелгі «Жылқышы төбе» аталатын қалашықтың тұрғындары белгісіз жағдайда мекендерін тастап, осы жазық жердегі Баркуабқа келіп қоныстанғанын айтады.
Бұл қалашықтың өзінің мәдениеті болған. Оңтүстік шығысындағы Шойбек төбе аталатын жерден қалашыққа құбырмен су әкелгендігі дәлелденген. Ол су құбырлары аудандық өлкетану музейінде археология залында көрмеге қойылған.
Жеміс-жидек сөлін айдайтын құрылғы сол Баркуаб қалашығының орнынан ауылға су жүйесін жүргізу кезіндегі қазба жұмысы барысында табылған. Бұл жәдігер ХVII ғасырға тиесілі. Салмағы шамамен 250-300 килограмды құрайды. Тастың беті жақсылап жылтырмен өңделіп, шылбыр тәрізді тегіс бедер салынған. Сол тегіс беттегі жеміс-жидекті үйкеген кезде сөл бөліп шығаратын болған. Сол шылбыр тәріздес арнамен сөл қыш құмыраларға құйылып отырған.
Бұл құрылғының төменгі жағы өрнек тәріздес етіп өңделген. Өлкетану музейіндегі бұл жәдігер келешекте ашық аспан астындағы мұражайдан орын алады деп жоспарлануда.