Абай облысының әкімі Берік Уәли тамыз конференциясында өңірде білім беру саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады. Облыс басшысы Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру және мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, өңірде жүйелі шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті.
Берік Уәлидің айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Биыл балабақшадағы орын тапшылығы 5 пайызға қысқарып, 1500-ден астам бүлдіршін қосымша қамтылған. Семей қаласындағы 73 балабақшада «ваучерлік» қаржыландыру жүйесі енгізіліп, келесі жылдан бастап бұл тәжірибе облыстың барлық балабақшасына таратылмақ.
Орта білім беру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жеке инвестиция есебінен 1200 орынды IT-мектеп ашылып, «Келешек мектептері» жобасы аясында 1500 орынды екі жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы екі мектеп іске қосылмақ. Сонымен қатар, 300 орынды жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұған қоса, кәсіпкерлер «Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы Семейде 1500 орынды дарынды балаларға арналған мектеп салуға ниет білдіріп отыр.
Оқушылардың қосымша білім алуына жағдай жасау мақсатында Семейде Оқушылар сарайы, Абай ауданында балалар лагері салынып жатыр. 12 мектепте күрделі жөндеу, 9 мектепте «реновация», 52 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлық мектептер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек.
Цифрлық теңсіздікті жою бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Облыстың 135 мектебі «Starlink» жүйесіне қосылып, шалғайдағы елді мекендердегі оқушылар үшін сапалы интернет қолжетімді бола түсті. Сонымен қатар, 90 мектепте автоматтандырылған басқару кешендері енгізілуде. Қауіпсіздік те назардан тыс қалған жоқ – білім беру ұйымдарының барлығы дерлік бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, 96 пайыздан астамы қауіпсіз жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген.
Ұстаздарды қолдау мен олардың кәсіби деңгейін арттыру – басты басымдықтардың бірі. Соңғы жылдары «Үздік педагог» атағы иегерлерінің саны артып келеді. Сондай-ақ, «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында жаңа буын – заманауи басқарушылар даярланып жатыр.
Техникалық және кәсіптік білім беру бағыты да назардан тыс қалмады. Облыста «IT» және жаңа технологиялар жоғары колледжі ашылып, жастарды еңбек нарығына бейімдеу жұмысы күшейтілді. «WorldSkills» кәсіби шеберлік чемпионатында Абай облысы екі жыл қатарынан жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Берік Уәли баяндамасын қорытындылай келе, ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, білім беру жүйесінің басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру екенін ерекше атап өтті.