Берікті республикалық телеарнада журналист болып еңбек етіп жүргенде жақсы таныдым. Азаматтың сөз саптасы қандай! Эфирден қандай да бір тақырыпты қозғамасын, көрерменді өзіне баурап алатын. Экономика, мәдениет, білім, спорт, басқа да тақырыптарды жаңғақша шағады. Оның үстіне жүрекке жылы тиетін дауысы қандай! Асқан біліміне қоса түр-түсті де бере салған жігіт екен-ау деп сырттай сүйсініп, тілеулес болып жүрдім. Ана жылы Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі болған тұста Берік Уәли облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды. Оған дейін еліміздегі ең іргелі өңір – бүгінгі Түркістан облысының ішкі саясатын басқарғанда іргелес жатқан өңірдегі әріптестер адамгершілік қасиетін, іскерлік қырын аңыз қылып айтатын. Анау-мынау кадрды мақтай бермейтін оңтүстіктің жігіттерінің таңдайын қақтырған азамат Жамбылға нәзік саланы басқаруға келісімен бірден дөңгелетіп алып кетті. Бұрын-соңды ресмиі бар, тәуелсізі бар басылымдардың редакцияларының табалдырығын аттай бермейтін ішкі саясаттың қызметкерлері жиі бас сұғатын болды. Басқарма құзырындағы басқа да құрылымдардың «көзі ашылды».

Берік Уәлимен Тараздағы таныстық арамызда біршама жас айырмашылығына қарамай, достыққа ұласты. Кейіннен республикалық телеарналарға басшылық жасады, Президенттің баспасөз хатшысы болды. Баспасөз хатшысы кезінде Мемлекет басшысының алыс-жақын шетелдерден ресми, ел ішіндегі жұмыс сапарларынан ұйымдастырған хабарлары халыққа шұғыл әрі өте сапалы түрде жетіп тұрды. Ақ үйде, Президенттің қасында жүрмін демей азамат қолы қалт етіп, мүмкіндігі болып жатса телефон соғып, амандығымызды біліп тұрды. Қым-қуыт қызметтен қолы қалт етіп, тарихи Таразға жолы түссе, міндетті түрде мұндағы алдыңғы толқын қариялардан бастап, сәлем беріп шығатын. «Ұлық болсаң кішік бол» деген аталы сөз шығыстың төл перзенті Берікке арналып айтылғандай. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» азайған қәзіргідей кезеңде осы бір қасиетті бір жылдан бері алыптар елі – Абай облысын көрегендікпен, жемісті басқарып отырған Берік Уәлидің бойынан көремін.
«Айналдырған бір жылда ыңыршығы айналған өңірде сонша не істеді?» деген оқырмандар болса, тарқатып айтайын. 2025 жылы іске асырылған инвестициялық жобалар саны 29-дан 101-ге дейін үлғайғанынан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болар. Мемлекет басшысының қолдауымен Абайдың 180 жылдығына орай, «Абайға құрмет» республикалық акциясы да тұралап қалған өңірге «жан кіргізуге» үлкен әсер етті. Ұлы ақынның 180 жылдық тойына облыс делегациясы құрамында ұлылар мекеніне барғанда өзіміз де көз жеткіздік.

Сол сапарда облыс әкімі уақыты аса қарбалас болса да жамбылдық делегацияның бір тобын арнайы қабылдап, киелі Әулиеата өңірінің халқының амандығын сұрап, дұғай-дұғай сәлем айтты. Сонда «мен үйтіп жатырмын, бүйтіп жатырмын» деп жоса сөйлемей, өңірдегі атқарылып жатқан қыруар тірлік Мемлекет басшысының қолдауымен, Үкіметтің көмегі және жасампаз жұрттың тынымсыз еңбегімен атқарылып жатқанын жеткізгені бар. Жамбылда жүргенде қарапайымдылығымен тәнті ететін азамат, білдей бір облыстың әкімі болса да сол әдеттен айнымапты. Осы кезде ғой, Берік сияқты әкім артта қалған әр өңірге керек-ау деген бір ой санамда жылт еткені.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста салынып, құрылысы созылып кеткен 65 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысын аяқтап, былтыр тұрғындардың игілігіне ұсынылған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім ошақтарының құрылысы да кестеден көш бойы кейін қалған екен. Мердігер мекемелерге қатаң талап қойылып, былтыр төрт заманауи мектеп ашылыпты.

Өзіміз қатысып, куә болған Ұлы Абайдың 180 жылдығы лайықты деңгейде аталып өткендігі туралы мерзімді басылым беттерінде аз жазылған жоқ. Сонда да бірер тұсына тоқталып өтсек, тұңғыш рет онкүндік ретінде өткен ұлы ақынның тойында 100-ден аса түрлі іс-шараны ұйымдастырудың салмағы облыс әкімінің иығына түскені кім-кімге де аян.
Қолдағы мәліметке қарағанда, былтырғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Абай облысының жалпы өңірлік өнімі 101,5 пайызды құрап, 2 триллион 385,8 миллиард теңгеге жетіпті. 2025 жылы облыс экономикасының 12 негізгі көрсеткішінің 10-ында өсім қамтамасыз етілген. Ауылшаруашылығы – 101,1, өңдеу өнеркәсібі – 102,9, ішкі сауда – 103,5, тұрғын үйді пайдалануға беру – 105,8, байланыс – 106, құрылыс – 106,2, инвестициялар – 106,8, көлік саласы 125,9 пайызға орындалған. Мемлекеттік бюджетке облыстан 648,7 миллиард теңге салық түсіпті. Түсім бұрнағы жылмен салыстырғанда 135,5 пайызға артық. Меншікті кірістердің өсуі бойынша облыс республикада екінші орынға шыққан. Мемлекеттің тірегі салық және одан түсетін түсімдер екенін ескерсек, абайлықтардың бұл салаға қосқан үлесін екпін бере айтуға әбден болады.
Абай тойына барғанда ертеден-ақ ғылым мен білімнің, өркениеттің ордасына айналған қарт Семейдің облыс мәртебесінен айырылған ширек ғасырда әбден тоза бастағанына да көзіміз түскен. Былтыр мамырда жария етілген қаланың даму жоспарында «Smart City» атты жаңа шағынауданның іргетасы қаланатыны мәлім болған. Бүгінде жаңа ауданның даму тұжырымдамасы дайындалып, жоспарлау жобаларын әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатса керек. Тиісті жоба Семей қаласының солтүстік бөлігінде, жалпы көлемі 1200 гектардан астам бос аумақта жүзеге асырылады екен. Онда 75 мың тұрғынға арналған заманауи тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар бой түзейтін көрінеді.

Мемлекет басшысының қолдауымен Абайдың 180 жылдығына орай «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында әр өңірдің көрсетіп жатқан көмегімен де қарт қала жасара түскенін де Семей сапарында көріп қайттық.
Президент қандай пәрмен береді, Үкіметтен көмек қалай болады демей, іскер әкімдер инвестор тартумен де басқарып отырған облыстарын пұшпаққа шығарып жатады. Берік Уәли сондай әкім. Мәселен, бастамасымен қолға алынған «Туған жерге туыңды тік!» жобасын алайық. Өткен жылы маусым айында Семейде «Туған жерге туыңды тік!» инвестициялық форумы өтті. Оған 500-дей кәсіпкер қатысты. Аса үлкен басқосуда 336 миллиард теңгені құрайтын 15 меморандумға қол қойылыпты. Көп уақыт өтпей-ақ форум нәтижесін бере бастады. Былтыр Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығында «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақүй-мейрамхана кешені іске кірісті. Жалпы құны 5,7 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаның аясында 105 жұмыс орны ашылды. Мұндай зәулім ғимарат-қонақ үй Семейде болмаған көрінеді. Ауқымды шарадағы келісімдер барысында іске асырылып жатқан аса ірі жобалардың бірі заманауи ет комбинатын да атап өткен орынды шығар.
Кеңес одағы кезінде Семейдегі ет зауытының даңқы жер жарғаны есте. Нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде алып кәсіпорын жабылды ма, әлде сатылды ма, әйтеуір жоқ болды. Осы олқылықтың орнын толтыру Берік Уәлиге дейінгі әкімдердің есінде болды ма, болмады ма, оны нақ басып айта алмаспыз. Біздің білетініміз – бүгінде Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы ерекше қарқынмен қолға алынып жатқандығы. Ағалы-інілі Сайлау мен Ерлан Мұқашевтер басшылық жасайтын «Eurasia Agro Semey» ЖШС қолға алып жатқан жоба облыстағы ауылшаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібін дамытуға үлкен үлес қосады. 7,7 миллиард теңгеге салынып жатқан өндірістік кешен алдағы тамыз айында іске қосылады деп күтілуде. Мұнымен қоса, «Qazaq Astyq Group» компаниясы Семейде күнбағыс майын тазарту, құю және қаптау цехының құрылысын іске асыруда.7,1 миллиард теңгенің жобасы іске қосылғанда 100-ден астам адам жұмыс істемек.
Өткен жылы 24,1 миллиард теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны ашылғанынан-ақ, бұл салада да облыс әкімнің іскерлігін аңғарасың. 605,5 миллиард теңгенің 48 жобадан тұратын өңірлік инвестициялық пул қалыптастырылуы да жұмыстың қарқынды түрде жүргізілгендігінің бір көрінісі. Өткен жылы инвестиция тарту мақсатында 100-ден астам шетелдік инвестормен кездесуінен де қайтсем туған өңірді көркейтем деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтың тынымсыз еңбегін көресің. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай Халық Республикасының ірі компанияларымен жалпы құны 1,5 миллиард долларды құрайтын 15 меморандумға қол қойылуын да атап көрсеткен орынды болар. Индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыс атқарылып жатқанын да еске сала кетейік. Облыс орталығынан 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағын 190 гектарға дейін ұлғайтып, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмысы қолға алынып жатқаны да облыс әкімінің қажырлы да тынымсыз еңбегінің бір көрінісі.
Қазақта «Берсең балаға бер, айтып жүреді» деген сөз бар. Берік Уәлидің өңірдегі қара қазандай қайнап жатқан тірлікпен қатар, балаларға деген қамқорлығын да семейліктер үнемі айтып жүреді. Әлбетте, ел ертеңі жас желкенге жасап жатқан қамқорлығын тізіп шығу мақсат емес шығар. Соның біріне ғана тоқталып өтсек, былтыр жыл соңында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Семейде 500 балаға шақталған, ауысыммен 1500 оқушыға дейін қабылдай алатын Оқушылар сарайын салып, пайдалануға бергізуі болды. Бұл Оқушылар сарайы Абай облысы құрылғалы бері салынып, пайдалануға берілген бірінші әлеуметтік нысан ретінде үлкендермен қатар балалардың есінде ұзақ сақталып, өңір тарихында қалады. 2023 жылы қолға алынған жоба Премьер-Министрдің 2024–2026 жылдарға арналған «жол картасына» енгенін де атап өтсек дейміз. Дегенмен, қаржылық қиындықтарға байланысты құрылысы тоқтап, былтыр Үкіметтің қолдауымен 7,6 миллиард теңге бөлініп, оқушылардың көзайымына айналды. Бұл балалардың думанды орталығы – республика бойынша 10-шы Оқушылар сарайы.
Былтыр Мақаншы ауданының орталығынан дәрігерлік амбулатория ашылды. 27 жылдан бері «сақалды құрылысқа» айналған емдеу мекемесі республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Семей туралы сөз болғанда кеңес заманында кім-кімнің де көз алдына мыңғырған мал, оның ішінде қой келетін. Шұбартау ауданы мектеп түлектерінің бастамасымен қой өсіруші комсомол жастар бригадасы бүтіндей Қазақстанда кеңінен қанат жайғаны алдыңғы толқын мен біздің замандастарымыздың есінде. Ата кәсіп – қой шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында Абай облысының 2026–2030 жылдарға арналған салалық бағдарламасын әзірлеп жатқанынан да құлағдармыз. Іскер де, жігерлі әкімі бар Семейдің кең даласы, Алла сәтін салса, мыңғырған малға толары сөзсіз.
Былтыр облыстың ауылшаруашылығы саласына тартылған тікелей инвестиция көлемі 45,2 пайызға өсіп, 63 миллиард теңгені құраған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында өңірде 2026–2028 жылдар аралығында жалпы құны 77,3 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Бұл жобалар ішкі нарықты сапалы, табиғи әрі жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көрінеді.
Облыс әкімі ауылды дамытуға барынша көңіл бөліп отырғанын «Қаладан – ауылға» атты қанатқақты жобаны қолға алып жатқанынан да байқайсыз. Жобаның мақсаты – ауылды түлету, тұрғындардың тұрмысын жақсарту. Жобада қаладан ауылға көшкісі келетін азаматтарға нақты көмек көрсетілетіні көрсетілген. Алыс-жақын шетелден қоныс аударатын қандастарды да құшақ жая қарсы алмақ. Үкімет тарапынан ауыл халқына арналған барлық бағдарламаның басын қосып, әкімдік тарапынан ауылға көшіп келем деушілерге көрсетілетін қолдауларды жинақтап, «Қаладан – ауылға» жобасын елдің назарына ұсынбақ. Бұл қанатқақты жоба арқылы ауылға қоныс аударушыларға бизнес жүргізуге, баспаналы болуға, мал алуға әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алуға мүмкіндіктер жасалады.
Беріктің тағы бір ерекшелігі – ауылды тым жиі аралайтындығы. Ауыл болғанда да қалаға іргелес немесе орта қашықтықтағы мекендерден қайтпай, шалғай ауылдарға дейін барып, ағайын неге зәру, не жетпейді осының бәрін өзі көріп, мүмкіндік болып жатса ондай мәселелерді қолма-қол шешіп береді. Кеңседе отыра бермейтін азамат былтыр облыс әкімі лауазымына тағайындалғалы бергі тоғыз айда 161 күн ауылда болыпты.
Облыста ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын нығайту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында жүзу бассейні, Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы, Жаңасемей ауданының Алғабас ауылында спорт кешені, Мақаншы ауданының Қарабұлақ ауылында және Үржар ауданының Жанай ауылында спорт модулі ашылған. Бүгінде Курчатов қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Аягөзде спорт кешені, Абай ауданының Саржал, Көкбай ауылдарында, Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында, Бесқарағай ауданының Ерназар ауылында, Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында спорттық модульдердің, Шар қаласында, Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында, Жарма ауданының Қалбатау ауылында жүзу бассейндері салынып жатса, ол – ауылға жиі барудың нәтижесі.

Жыл басы, қаңтар айында Семей қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына 10 санитарлық автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстады. Бұл нысан қазіргі таңда санитарлық автокөліктермен толық қамтамасыз етілген. Алайда, техникалардың жалпы тозу деңгейі 90 пайыздан асады. Осы мәселені шешу үшін былтыр «Абай облысы медициналық ұйымдары үшін санитарлық автокөлік сатып алу» жобасы шеңберінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, облыстық бюджет қаражаты есебінен лизингтік қаржыландыру арқылы «Hyundai», «JAC» және «Газель» маркалы 100 санитарлық автокөлік сатып алынды. Оның ішінде 67 автокөлік облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына, 33 автокөлік аудандағы медициналық ұйымдарға берілетін көрінеді. Жаңа көліктер биылғы қыркүйек айына дейін табысталады екен. Бес жарым жылдан бері осы салаға жаңа көліктер алынбаған. Өңірдің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жалпы, 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 6 жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті.
Облыс әкімінің алыптар елін көркейтіп, гүлдендіруде атқарып жатқан жұмысы бір мақала тұрмақ, бір кітапқа да сыймас. Дегенмен, аса іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, жүрегі ізгі, жаны жайсаң, елге болсын дейтін азаматтың күдік пен үмітке толы бір жылда атқарған жұмысына қысқаша жасалған шолу бұл.
Ғалым ҚАСАБАЙ.
Абай облысы.