Бекет салған сара жол

0 3

Таразда көрнекті жазушы, журналист Бекет Момынқұлдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Бекет салған сара жол» атты әдеби-сазды кеш өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған рухани іс-шара Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бастамасымен жүзеге асты.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза, Байзақ пен Жамбыл аудандарынан келген сала жетекшілері, зиялы қауым өкілдері мен мерейтой иесінің әріптестері, шәкірттері, замандастары қатысты.

Кеш тізгінін облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Оралхан Дәуіт ұстады. Бұл – қалам қуаты мен қайраткерлік қарымы арқылы өңір руханияты мен ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңба қалдырған қаламгерге арналған тағылымды кездесулердің бірі болды.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған Серік Жақсылықұлы кеш иесінің шығармашылық және қоғамдық өмірдегі еңбегіне тоқталып, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің арнайы құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады. Сонымен қатар, Бекет Момынқұлдың иығына зерлі шапан жапты.

Кеш барысында Оралхан Әбдірашұлы мен Бекет Әбділдаұлы арасында ашық диалог өрбіп, шығармашылық, баспасөз және қоғам жайлы өзекті мәселелер қозғалды. Көпшілік көкейіндегі сауалдар да осы сұқбат аясында өз жауабын тапты.

Мәдениет саласының майталманы Асқарбек Сейілхан, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков секілді зиялы қауым өкілдері мерейтой иесінің қаламгерлік болмысы мен публицистік еңбектерін жоғары бағалап, журналистикадағы дара жолына кеңінен тоқталды.

Кештің шымылдығын жырмен түрген ақын Нұржан Қадірәлі арнау өлеңін оқып, ұстазына деген құрметін жүрекжарды жырмен жеткізді.

«Тірі жүрген Бауыржандай Таразда,

Бір жүрек бар, дүрсілінен қашқан жау,

Бекзада һәм,

Соқтыққанға – сотқарлау!

Тамырынан ақтарылып Талас ағып жатқандай,

Аты – әулие,

Заты – батыр, асқар тау!» деген жыр жолдары 70 жасқа толған қаламгердің адами болмысын, азаматтық келбетін әсерлі бедерлеп берді.

Сонымен қатар, салтанатты жиында облыс әкімінің кеңесшісі, ақын Хамит Есаман, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы, журналист Алпамыс Қазыбаев, «Jambyl TV» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, тағы басқалар ізгі тілектерін білдірді.

Кештің қорытындысында Бекет Момынқұлдың жаңа кітабы — «Момышұлы әлемі» көпшілікке таныстырылды. Мың данамен жарық көрген жинақта Кеңес Одағының батыры, аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлы жайлы тың деректер, архивтік құжаттар мен ел арасындағы аңыз-әңгімелерге негізделген зерттеулер жинақталған. Кітаптағы «Халық батыры болудың ащы бақыты», «Шындықтың ауырлығын шындықты айтқан біледі», «Шындық – қуғынның қорқынышынан да биік» сияқты тақырыптар кешегі тарихқа жаңаша үңіліп, бүгінгі ұрпаққа тағылым болар терең мазмұнмен ерекшеленеді.

Қалам мен парасатты қатар ұстаған Бекет Момынқұлдың өнегелі жолы – кейінгі буынға үлгі, ал шығармашылығы – ұлт жадында сақталар құнды рухани мұра.