Баталы ел арымас

0 5

Бата – халық қазынасы. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деп қазақ халқы бекер айтпаса керек. Бата айтылатын үйден ырыс-несібе, береке арылмақ емес. Салт-дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын рухани құндылығымыз бата десек еш қателеспейміз.

Батаның көптеген түрлері болады. Олар нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндеттой батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан батасы, ас қайыру батасы, тағы басқа. Нәресте дүние есігін ашқанда оған шілдехана жасалынады. Одан соң тілашары болады. Әрі қарай сүндеттой жалғасын табады. Осы аталған тойлардың ішінде басты дүние – нәрестеге берілетін бата. Асқа бата дегеніміз – әр астың соңынан берілетін бата. Ұл ер жетіп, қыз бойжеткенде берілетін батаның да өзіндік ерешелігі бар. Соның ішінде келінге өсиет түрінде берілетін баталар да баршылық.

Бата адамдарды лайықсыз істерден, теріс қылықтардан сақтандырып, жастарды ізгілікке әрі қайырымды істерге баулиды. Қазақ қандай да болсын бір іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда ата-бабаларынан, ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде бата беру дәстүрі ұмытылып барады. Аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарымыз жоқтың қасы. Ата сақалы аузына түскен ақсақалдардан бата сұрай қалсаң, «дастарханға бата» беруден әрі аса алмайды. Болмаса «сен бере салсайшы» деседі. Отырған жерде орнықты сөз айтпаған соң, әркім әртүрлі сөз айтып қылжақтасатын болды. Тіпті, батаны мазаққа айналдыратындар шықты. Қазақтың қанына біткен тамаша салт-дәстүрлеріміз әртістеріміздің келемежіне айналды. Оны айтасыз батыр Бауыржан қатты сынға алған қатындардың бата беруі байқалып жүр. Кемсіткеніміз емес, қазақта «қатында бата жоқ, итте ата жоқ» деген сөз бар. Рас, әулеттің ұлы анасына айналған аналардың бата беруі болған.

Үстіміздегі жылы наурыз айында Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында батагөйлердің «Батамен ел көгерер» атты аудандық байқауы өтті. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ұлттық салт-дәстүр, екінші кезеңде елге белгілі тұлғалардың баталары, үшінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Байқауға 63 жастан асқан ақсақалдар қатысты. Салт-дәстүрді ұстанып, ұлықтаған байқау жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

Әрине, жылына бір мәрте өткізілетін байқау барлық мәселені шеше қоймас. Әр отбасында таңғы асымыздан бастап кешкі жатынға дейін бір-бірімізге тілек тілеп, дұға жасап, бата беріп жүрсек, ұлттың ұлы тәрбиесі деген сол. Атамыз қазақ «Баталы ел арымас» деп тегін айтпаса керек. Мемлекетіміз де зорлық-зомбылыққа бастайтын, әдепсіздікке тәрбиелейтін қоғамға жат құбылыстарға қарсы заңдар қабылдауда. Сол заңдарды оқып білейік, бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап жүрейік.