Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына жұмыс сапары «Зеренді сақтау өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен танысудан басталды.
Президентке биыл облыстағы егіс алқабының көлемі 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 миллион гектарға жеткені жөнінде баяндалды. Болжам бойынша аймақтағы агроқұрылымдар 7 миллион тоннадан астам дәнді, 650 мың тоннадан аса майлы дақыл жинамақ. Бүгінге дейін 3,6 миллион тонна астық бастырылған. Орта есеппен 1 гектар алқаптан 15,4 центнер өнім алынуда. Жиналған өнімнің сапасы жоғары.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде мол өнім беретін майлы дақылдар алқабын ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. 2023 жылмен салыстырғанда мұндай егістік алаңының көлемі 2,5 есе артып, 495 мың гектарға жеткен. Осындай көпбейінді шаруашылықтардың бірі – «Зеренді сақтау өнімдері» ЖШС. Кәсіпорын директоры Ербол Жауаровтың айтуынша, шаруашылық дәнді және бұршақты дақылдарды өсірумен, сиыр, жылқы тұқымдарын асылдандырумен айналысады. Бұдан бөлек, серіктестіктің қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын май зауыты, құс фабрикасы мен диірмені бар.
Президент Ақмола облысындағы ауылшаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен саланың жай-күйі, шаруалардың жетістіктері, сондай-ақ қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті.
– Биыл ауа райы қолайлы. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, алдын ала жеңілдетілген несие беруде. Астық түсімі жақсы болады деп ойлаймыз. Баршаңызға табыс тілеймін. Жолдауда атап өткенімдей, басты міндет – ауылшаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту. Былтыр ауылшаруашылығындағы өнім көлемі 8 триллион 250 миллиард теңгені құрады. Бұл көп те, аз да емес. Өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда ауылшаруашылығы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірақ ішкі жалпы өнім көлеміне шаққанда, бұл 6 пайыз ғана. Яғни, экономикадағы ауылшаруашылығының үлесін арттыру қажет. Ауылшаруашылығы – біз үшін табысты сала. 12 миллион тонна бидай экспорттау әлеуеті – өте жоғары көрсеткіш. Қазірдің өзінде астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр. Жолдауда айтқанымдай, астықтың алғашқы легі, шамамен 15 мың тонна бидай Вьетнамға жолданды, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында шығарылатын ауылшаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Мұнда жартылай фабрикаттар, консервілер, ет, сүт және нан өнімдері қойылған.