Қаржы саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін жаңа ережелер енгізіледі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк қызметтерін реттеуге қатысты жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатты қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл шаралар қаржы саласындағы заңсыз әрекеттермен күресуді, оның ішінде дропперлік қызметтерді, «қаржы пирамидаларын» және «онлайн-казино» қызметін ұйымдастыруға тосқауыл қоюды көздейді.
Жаңа талаптар клиенттерге онлайн қызмет көрсету барысында қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, күмәнді қаржылық схемаларға қатысу қаупі бар клиенттерді бақылау қатаңдатылады. Осыған орай, комплаенс-бақылау басшыларының жауапкершілігі артып, антифрод-қызметтердің жұмыс ауқымы кеңейеді.
Банктер үшін қандай өзгерістер енгізіледі?
Жаңа талаптарға сәйкес, қаржы ұйымдарына төмендегідей міндеттемелер жүктеледі:
- Жоғары тәуекелді шетелдік клиенттерді бақылау: Өкіл арқылы немесе қашықтан іскерлік байланыс орнатуға, сондай-ақ оларға банк карталарын шығарып, қайта шығаруға тыйым салынады.
- Биометриялық сәйкестендіру: Клиенттің жеке басын растау үшін төлқұжат фотосуреті негізінде биометриялық тексеру жүйесі енгізіледі.
- Бір клиент – бір төлем картасы: Бір адамның бірнеше картаны рәсімдеуіне шектеу қойылып, бұл көрсеткіш бақыланады.
- Қазақстан аумағында болу заңдылығын тексеру: Елде тұру мәртебесі күмән тудырған жағдайда қосымша тексеру жүргізіледі.
- Қаржы операцияларын қатаң бақылау: Жаңа немесе қайта шығарылған карталарға алғашқы үш ай ішінде ерекше мониторинг жүргізіледі.
- Дропперлік операцияларды анықтау: Құқыққа қарсы қаржылық әрекеттерді болдырмау үшін банктер мен Ұлттық банктің Антифрод-орталығының ынтымақтастығы күшейтіледі.
Бұл өзгерістер қаржы саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алып, банк қызметтерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Құжат қоғамдық талқылау үшін “Ашық НҚА” порталында 14 сәуірге дейін жарияланған.