«Балақайлар мектебі» – бүлдіршіндердің алғашқы білім баспалдағы

0 4

Жазғы демалыс кезінде балабақша мен мектеп арасындағы білім алшақтығын азайту мақсатында елімізде «Балақайлар мектебі» атты қысқа мерзімді бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл бастама бірінші сыныпқа баратын балалардың ортақ білім деңгейін қалыптастыруға бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жоба мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған мемлекеттік стандартқа сай әзірленген. Оның мақсаты – мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты күшейтіп, болашақ оқушылардың жаңа ортаға бейімделуін жеңілдету.

Бағдарлама шеңберінде оқыту бір айға жоспарланған. Сабақтар күн сайын 30 минуттан өтеді, әрқайсысының арасында 10 минуттық үзіліс қарастырылған. Балалармен тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепалды даярлық педагогтері жұмыс істейді.

«Сабақтар балалардың физикалық белсенділігін, қарым-қатынас жасау қабілетін, ойлау, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді», – дейді Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Бағдарлама аясында маусым-шілде айларында 25 мыңнан астам бала оқуға қамтылса, тамызда ашылатын 5,3 мың топ арқылы тағы 65 мыңнан аса бала қамтылмақ. Осылайша, жаз бойы елімізде 90 мыңға жуық бала жаңа оқу жылына жан-жақты дайындалады.