Балаларға шаттық сыйлады

0 2

Қонаев қаласындағы Балаларды қолдау орталығында көтеріңкі көңіл-күйге толы қызық іс-шара өтті. Мұнда Ұйғыр ауданының ұйымдастыруымен «Laboheme.shapito» цирк ұжымы келіп, балаларға ерекше бағдарлама ұсынды.

– Бұл іс-шараны тәрбиеленушілерді сергітіп, жақсы атмосфера сыйлау мақсатында ұйымдастырдық. Балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы маңызды. Сонымен қатар, сахна мәдениетін қалыптастырып, өнердің түр-түрін меңгеруі де бала болашағының жарқындығына сеп болады. Алдағы уақытта орталығымыздың қызметкерлерімен, талантты балалармен бірге келіп, өнердің әртүрлі бағыты бойынша сабақтар өткізетін боламыз. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына оң әсер етеді, – дейді Ұйғыр аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Ғазиз Сәрсебеков.

Қойылым балалардың жүзіне шаттық сыйлап, күлкілі кейіпкерлердің әзілі мен қимылы кішкентай көрермендерді бір сәтке де жалықтырмады. Цирк әртістері хайуанаттармен қиын да қызық трюктар жасап, сиқыр көрсетіп, би билетіп, балаларды шат-шадыман күйге бөледі. Тәрбиеленушілер өнерпаздармен бірге ойындарға қатысып, өздерін цирк әртісі ретінде сезінді.

Тоғыз жастағы көрермен Мария Новикова қойылым ерекше әсерге бөлегенін айтады.

– Бүгін өмірімдегі ең қызықты күндердің бірі болды. Орталығымызға келген цирк әртістері бізді тәнті етті. Әсіресе, жыланмен шыққан өнерпаздың көрінісі ерекше ұнады. Жүзі суық, ұзын жыланды көргенде, бойымды аздап қорқыныш биледі. Бірақ, оның қауіпсіз екенін сезіп, мойныма оралғанда, қорқынышым бірден сейілді. Сол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Бұл іс-шараны ұйымдастырған жандарға алғысым шексіз, – дейді ол.

Қойылым соңында балалар әртістермен естелік суретке түсіп, жылы лебізін білдірді.