Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Балалардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз ортада тәрбиеленуі – ата-аналар мен ұстаздар ғана емес, бүкіл қоғам мен мемлекеттік құрылымдардың да басты міндеті. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында жасөспірімдерге қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Басқосуда облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков жаңа оқу жылына дайындық, әлеуметтік көмек көрсету, мектептердің қауіпсіздігі және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 43 971 оқушы киім-кешекпен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілмек. Бұл мақсатқа 2,3 миллиард теңге бөлініп, бір балаға 53 117 теңге көлемінде қаржылай көмек қарастырылған. Қазіргі таңда 37 047 оқушының ата-анасының есепшотына 2 миллиард теңге аударылып, қалған балаларға қаражат 25 тамызда толық төленді.
Сонымен қатар, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясының өту барысы да сарапқа салынды. Облыстың бірнеше ауданында бұл бағыттағы жұмыстардың баяу жүруі сынға алынды. Мәселен, Мойынқұм және Жуалы аудандарында жеңілдетілген бағадағы жәрмеңкелер ұйымдастырылмаған. Қордай ауданы әкімдігінен басқа өңірлік сайттарда акция жайлы жарияланым болмаған.
Жиында мектептердің қауіпсіздік жүйелері – бейнебақылау, турникет, дабыл түймесі және күзет қызметінің жай-күйі де сөз болды. Қазіргі таңда облыстағы 500 мемлекеттік және 229 жекеменшік мектептің 66 пайызы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қалған оқу орындарында қауіпсіздік жүйесін орнату жұмыстары апта соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Комиссия отырысында балаларға қатысты қылмыстар, әсіресе жыныстық сипаттағы құқықбұзушылықтар туралы да нақты деректер жарияланды. Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығы Мақсат Юсуповтің айтуынша, жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 29 қылмыстық іс тіркеліп, оның 13-і жыныстық қолсұғушылық фактілері бойынша қозғалған. Мұндай ауыр қылмыстардың бірқатары жақын туыстар тарапынан жасалған. Қазіргі таңда бұл істердің 12-сі сотқа жолданып, қалғаны тергеу сатысында тұр. Педофилия фактілерінің алдын алу мақсатында облыста 157 адам тіркеуге алынып, олардың бір бөлігі қамауда немесе диспансерлік емдеуде болса, 72-сі бостандыққа шыққан. Бұл азаматтарға қатысты тұрақты бақылау орнатылып, олардың балалар шоғырланатын жерлерге жақындығы ерекше ескеріледі.
Алайда, бақылаудың әлсіз тұстары да бар екені анықталды. Биыл 26 шілдеде Шу ауданында 13 жылға бас бостандығынан айырылып, 2022 жылы бостандыққа шыққан азамат тағы да ауыр қылмыс жасаған. Бұл оқиға құқық қорғау органдарының жіті бақылауына алынған.
Жиын барысында Талас ауданы, Көктал ауылында тіркелген әлеуметтік бақылаудан тыс қалған отбасыға қатысты арнайы зерделеу жұмыстарының қорытындысы да таныстырылды. Аталған отбасындағы балалардың тұрмыстық жағдайы дер кезінде назарға алынбаған. Мектеп әкімшілігі тарапынан құжаттық бұзушылықтар, балалардың білім алуына қатысты олқылықтар, колледждегі сабаққа қатысу есебіндегі сәйкессіздіктер анықталды. Бұл ретте бірқатар лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсыныстар енгізіліп, нақты шаралар қабылданатын болды.
Жиында жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі де көтерілді. Облыс бұл көрсеткіш бойынша республикада алғашқы орында тұр. Облыс әкімінің орынбасары С.Сәлемов жастардың өмірге деген қызығушылығын арттырып, оларды спорттық және мәдени іс-шараларға белсенді тарту қажеттігін айтты. Ғалымдардың пікірінше, жасөспірімдерге өмірлік қуаныш сыйлайтын серотонин гормоны көбіне спортпен айналысқанда бөлінеді. Демек, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды гаджеттерден алыстату – суицидтің алдын алудың бір жолы.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар бекітіліп, хаттамалық шешімдер қабылданды. Келесі отырыста жайсыз отбасылар, педофилдермен күрес, ақша бопсалау және агрессияға бейім топтармен жұмыс мәселелері қаралатын болады. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – тек отбасының ғана емес, қоғамның, мемлекеттің де тікелей жауапкершілігі екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмысты барынша күшейту уақыт талабы.