Бала тәрбиесінің алтын бесігі – балабақша

0 4

Білім мен ғылым өркен жайған жаңа дәуірде кез келген елдің келешегі – сапалы білім алған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жан-жақты дамыған ұрпақтың қолында екені анық. Ал, мұндай ұрпақты қалыптастырудың бастау көзі – мектепке дейінгі білім беру мекемелері. Осы орайда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жай-күйі, жаңашыл жобалар, балабақшалардың мүмкіндіктері, отбасымен байланысы, мамандар даярлығы, және ең бастысы – баланың тұлға ретінде қалыптасуы турасында сөз қозғау маңызды.

«Республика бойынша 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 93 пайызға жетті. Бұл – үлкен жетістік. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін мемлекет тарапынан нақты шаралар қолға алынуда. Соның бірі – «ваучерлік қаржыландыру» пилоттық жобасы. Бұл жобаның нәтижесінде кезектілік 44 пайызға қысқарып, 8 миллиард теңгеге жуық бюджет қаржысы үнемделді. Енді осы үлгі қыркүйектен бастап барлық балабақшаға енгізіледі», деген еді жаңа оқу жылы қарсаңында өткен педагогтердің облыстық тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебекова.

Жамбыл облысында бұл көрсеткіш республикадан бір саты жоғары. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өңірде 2-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу деңгейі 95,1 пайыз болып отыр. Бұл – еліміз бойынша озық көрсеткіштердің бірі.

Аймақта 621 балабақша жұмыс істейді. Оның 339-ы – мемлекеттік, 282-сі – жеке меншік. Мемлекеттік балабақшаларда 33268 бала тәрбиеленсе, жекеменшік балабақшаларда 30573 бүлдіршін білім алуда. Дегенмен, бұл салада әлі де түйткілдер жоқ емес. Облыс бойынша 4138 бала балабақша кезегінде тұр, оның ішінде 3050-і – 2-6 жас аралығындағы балалар.

Бүгінде Тараз қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасына енгізілген. Бұл – қаржыны нақты балаға қарай бағыттай отырып, ата-аналарға таңдау еркіндігін беретін тиімді жүйе. “Ақша баланың артынан жүреді” қағидатына сай, бүгінде облыста 31057 балаға ваучер берілген. Нәтижесінде ата-аналар мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар арасынан таңдау жасап, баласын қалаған балабақшаға орналастыра алады. Бұл тәсіл – ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, бәсекеге қабілетті ортаның қалыптасуына, қызмет сапасының артуына әсер етеді. Сонымен қатар, мемлекет қаржысын тиімді әрі үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.

Тараз қаласындағы №7 бөбекжай-бақшасы – облыс орталығындағы тәжірибелі, жаңашыл бағытта жұмыс істейтін мекемелердің бірі. Мұнда бүгінде 280 бала 12 топқа бөлініп, жас ерекшеліктеріне қарай тәрбиеленіп жатыр. Балалар мектепке дейінгі жалпы білім берудің жаңартылған үлгісінде тәрбиеленеді.

Бөбекжай меңгерушісі Гүлмира Айтқұлованың айтуынша, тәрбиешілер мен мамандар бала дамуының барлық бағытына назар аударып, жеке қабілеттерін ашуға тырысады.

– Баланың ой-санасы, тіл байлығы, мінез-құлқы, шығармашылық қабілеттері – осының бәрі балабақшада қалыптасады. Бізде әр топқа арнайы бағдарлама жасалған. Үш жастағы балаларға сөйлеуді дамыту, қазақ тілі, мүсіндеу, дене шынықтыру, көркем әдебиет сияқты пәндер оқытылады. Төрт-бес жастағы балалар үшін сауат ашу, математика, қоршаған ортамен таныстыру сияқты сабақтар қосылады, – дейді Гүлмира Кендебайқызы.

№7 бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі, тәжірибелі педагог Раушан Алпысбекқызы қазіргі мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде ойын әдістемесінің орны ерекше екенін айтты.

– Бізде әр топта арнайы дамыту ортасы бар. Онда балалардың жасына қарай сюжетке құрылған рөлдік ойындар ойнатылады. Мысалы, “дүкен”, “аурухана”, “кітапхана”, “клининг қызметі” сияқты өмірге жақын көріністерді бала өзі сомдап, өз рөлінде көрінеді. Бұл – баланың қиялын, тіл байлығын, өмірлік тәжірибесін кеңейтудің таптырмас құралы, – дейді Раушан Алпысбекқызы.

Сонымен қатар, мұнда арт-терапия кабинеті, құммен жұмыс жасау, дәстүрлі емес сурет салу әдістері де қолданылады. Балаларға жағымды эмоция сыйлап, ішкі сезімін білдіруге мүмкіндік беретін бұл әдістер – заманауи педагогиканың маңызды бағыттарының бірі.

Бұл балабақшаның бір ерекшелігі – мұнда отбасымен тығыз байланыс орнатылған. “Аналар мектебі”, “Әкелер мектебі”, “Әжелер мектебі” сынды жобалар табысты жұмыс істеуде. “Аналар мектебінде” қыз балаларға отандық тағам түрлері таныстырылып, этика мен мінез-құлық мәдениеті үйретіледі. “Әкелер мектебі” ұл балалардың бойына ер азаматқа тән қасиеттерді сіңіруге бағытталған. Ал, “Әжелер мектебі” арқылы балалар ұлттық өнермен, салт-дәстүрмен, ою-өрнекпен танысады.

Балабақша – күтім мен қарапайым тәрбие орны ғана емес, бұл – адамның тұлға ретінде қалыптасар ең шешуші сатысы. Бүгінгі баланың алған тәлімі мен тәрбиесі – ертеңгі елдің келбеті.

Қазіргі балабақшалар заман талабына сай жаңарып, жаңғырып, әдістемелік, мазмұндық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Цифрлық дәуірде де баланың адами құндылықтары ескеріліп, ұлттық тәрбие мен инновация қатар дамып келеді. Сапалы мектепке дейінгі тәрбие – бала болашағына салынған мызғымас іргетас. Бұл кезеңде қалыптасқан дағды, мінез, құндылықтар адамның бүкіл өмірінде шешуші рөл атқарады. Сондықтан ата-аналар мен қоғам, мемлекет пен мектепке дейінгі ұйымдар біріге отырып, осы алтын шақты барынша мазмұнды, тәрбиелік мәні терең етіп өткізуге күш салу керек.