Бағасы базар нарқынан анағұрлым төмен

0 2

Жангелдин ауданында жыл басынан бері тұрған үшінші жәрмеңке өтті. Ауылшаруашылық жәрмеңкесі – өнім өндірушінің өнімін арадағы алыпсатар делдалсыз тұтынушының қолына тікелей жеткізетін бірегей іс-шара.

Ауданның ауылдық мекендері өндірген өнімдерін жеткізуге ынталы. Кезекті жәрмеңкеде Жаркөл және Қалам қарасу ауылдық округтерінің тұрғындары өздері дайындаған азық-түлік өнімдерін саудаға шығарды. Саудаланған өнімдердің бағасы базар нарқынан анағұрлым төмен.   Мәселен, жергілікті диқан Лаура Мінайдарқызы бидай талқанының келісін 1000 теңгеден сатты.   Шағын сазан балығының 10 бірлігі 1000 теңгеден сатылды. Түйір құрттың келісі 2000 мың теңге, айранның литрі 500 теңге, ірімшік 1200 теңге, тоң май 800 теңгеден сатылды.

– Ауданымызда ауылшаруашылық жәрмеңкесін жыл басында айына екі рет өткізу бекітілген. Міне, қазір үшінші мәрте жәрмеңке өткізіліп отыр. Әр ауыл жыл бойына кесте бойынша келіп жәрмеңке өткізеді. Бағаның бәсіне өнім өндірушілер де, тұтынушылар да дән риза. Табиғи құнарлы өнімдер қашанда халық арасында жоғары құндылыққа ие, – дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ботакөз Еркебайқызы.