Азаматтарды қорғауға бағытталған жаңа талаптар ұсынылды

0 3

Қазақстанда онлайн несие рәсімдеудің тәртібі күрделіленуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметін қатаңырақ бақылауға бағытталған жаңа қаулы жобасын әзірледі. Құжат қазіргі таңда Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылауға шығарылған.

Жобаға сәйкес, интернет арқылы рәсімделетін кепілсіз тұтынушылық несиенің сомасы 150 айлық есептік көрсеткіштен, яғни шамамен 690 мың теңгеден асып кеткен жағдайда, қарыз қаражаты бірден аударылмайды. Несие алушы келісімшартқа қол қойған соң, қаржыны тек қосымша растаудан кейін ғана ала алады. Бұл растау «eGov» порталы сияқты мемлекеттік сервистер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Сонымен қатар, келісімшарт жасалғаннан кейін 24 сағаттық кідіріс кезеңі енгізіледі. Бұл – азаматтарға өз шешімін қайта ойлауға мүмкіндік беретін «суыту» мерзімі.

Агенттік ұсынған тағы бір маңызды өзгеріс – бір тәулікте бірнеше микрокредит рәсімделіп, олардың жиынтық сомасы 150 АЕК-тен асса, қаржы ұйымдары қосымша несие беруді тоқтатуы тиіс. Бұл ереже азаматтардың артық қарыз жүктемесіне ұшырауының алдын алуға бағытталған.

Сондай-ақ алғаш рет ірі көлемде несие алуға өтініш бергендерге, 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан азаматтарға ерекше талаптар қойылады. Бұл топтағы азаматтар қарызды тек қаржы ұйымының бөлімшесіне жеке барып, өз қолымен келісім берген соң ғана ала алады. Мамандардың айтуынша, бұл – қаржылық шешімдерге барынша байыппен қарауды қамтамасыз ететін тетік.

Жаңа жобада банктік немесе микроқаржылық омбудсмен лауазымына үміткерлерге де нақты талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, енді бұл қызметке үміткерлер қазақ тілін «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша кемінде «B2» деңгейінде меңгергенін дәлелдеуі тиіс. Бұл өзгеріс азаматтардың мемлекеттік тілдегі құқықтық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Қазіргі таңда құжат қоғамның ашық талқылауында. Тұрғындар мен сарапшылар өз пікірлерін нормативтік-құқықтық актілер порталында қалдыра алады. Қаржы реттеушісі бұл бастама қаржы нарығында ашықтықты арттырып, азаматтарды асығыс шешімдер мен алдамшы ұсыныстардан қорғауға сеп болады деп есептейді.