Автокөлікті көрінген жерге қоюға тыйым салынған

0 3

Тараз қаласы жылдан-жылға өсіп-өркендеп келеді. Кейінгі жылдардың өзінде шағын аудандар, ал былтыр  жаңадан екі аудан ашылды. Әрине, облыс орталығы аумағының ұлғаюы халық санының артуынан екені белгілі. Бүгінде Тараз халқының саны 500 мыңға жуықтады. Оған облыс аудандарынан, еліміздің басқа өңірлерінен келіп-кететін адамдарды және алыс-жақын шетелдерден келетін туристерді қосқанда жарты миллионнан асып кетеді. Қала халқының артуымен қатар, жеңіл автокөлік саны да қарқынды түрде көбейіп келеді. Бүгінде жеке сектордан бөлек, көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын әрбір отбасында кемі бір жеңіл көліктен бар. Бұған Таразда өтетін той мен асқа, басқа да түрлі шараларға, базарға аудандардан, басқа облыстардын жеке көлігімен келетіндерді қоссаңыз көлік нөпірі басылмайтынын аңғарасыз. Тіпті, ішкі туризм тұрмақ, алыс-жақын шетелден келетін туристер арасында да жеке көлігін «қуып» келетіндер кездеседі.

Қаладағы көлік ағынын облыстық ішкі істер департаменті жол полициясының қызметкерлері бақылап-ақ жүр. Мәселе, тараздықтар болсын, сыртан келетіндер бар, жеңіл көлігін көрінген жерге қоюға тыйым салынғанына қарамай, «қаңтарып» кететінінде болып тұр. Мұны өткенде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде де көтердік…

Мына мәселеге назар аударып көрейікші. Кеңес одағы кезінде салынып, халық қоныстанған шағын аудандардың ауласындағы автокөлік жүретін жолға қатарынан екі көлік сыймайды. Бетін аулақ қылсын, жүздеген адам тұратын үйдің бір пәтерінен өрт шықса, өрт сөндіретін автокөлік немесе әл үстінде жатқан науқасқа «жедел жәрдем» көлігі жете алмай, адамдарға қауіп төнеді. Ал, көше бойларына немесе сауда орындарының алдына, басқа да нысандардың жанына жөн-жосықсыз қоя салған көлік жол қозғалысына кесірін тигізеді.

Дегенмен, біздегі мәліметке қарағанда полиция қызметкерлері көлік құралдарының тоқтау және тұраққа қою қағидаларын бұзу деректерін анықтау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп те жатқан көрінеді. Бұл ретте негізгі назар-айыппұл салуға емес, жүргізушілерге ескерту жасауға аударылып жатса керек. Жол жағдайына жүргізілген мониторинг барысында қоғамдық орындар, базарлар мен сауда үйлерінің маңында жол қозғалысы қағидаларының талаптарын бұза отырып, өткелдерді жауып, басқа қозғалыс қатысушыларына кедергі келтіретін көлік құралдарының заңсыз тұраққа қойылу фактілері анықталған. Іс-шара барысында негізгі басымдық түсіндіру жұмыстарына берілген. Полиция қызметкерлері ең алдымен көлік құралдары иелеріне рұқсат етілмеген жерлерге қойылған автокөліктерді алып тастау туралы ескерту мазмұнындағы «SMS»-хабарламалар жолдап, сондай-ақ оқиға орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Заңды талаптарды елемеген тек 5 жүргізушіге ғана қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылыпты. Сонымен қатар, шамамен 70 автокөлік иесіне профилактикалық брошюралар таратылып, жол қозғалысы қағидаларының талаптары түсіндірілген. Өткен жылы көлік құралдарының тоқтау немесе тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін 1040 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция — жазалаушы орган емес. Қабылданып жатқан барлық шаралар тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, олардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Мұны рөлде отыратын әрбір азаматтың сезінгені жөн.