Ауыспалы кубок – жамбылдықтарда

0 3

Жамбыл облысында Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөліністері арасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ауыспалы кубогына арналған тактикалық көпсайыстан республикалық турнир мәресіне жетті.

Ауқымды дода облыстық полиция департаментінің Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигонында ұйымдастырылды. Төрт күнге созылған, жоғары деңгейде өткен турнир тартысқа толы болды. Еліміздің барлық өңірінен келген 19 команда қауіп-қатерге толы, шынайы жағдайларға барынша жақындатылған арнайы тапсырмаларды орындап, өздерінің кәсіби шеберліктерін, физикалық төзімділіктерін, сондай-ақ тактикалық дайындықтарын ортаға салды. Арнайы жасақталған бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін шыңдау, экстремалды жағдайларда шешім қабылдай білу мен топтық үйлесімділікті арттыруды мақсат еткен турнирда қатысушылар түрлі кедергілерді еңсеріп, жоғары дәлдікпен ату, шапшаңдық, үйлесімділік және жедел әрекет ету машықтарын көрсетті.

Бәсекелестік жоғары болған турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды Ұлытау облысы полиция департаментінің командасы иеленсе, екінші орын Астана қаласы полиция департаментінің командасына бұйырды. Ал, бас жүлде мен чемпион атағын Жамбыл облысы полиция департаментінің командасы жеңіп алып, олар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Ауыспалы кубогына ие болды.

Турнир жеңімпаздарын Жамбыл облысы полиция департаментінің басшылығы мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері арнайы құттықтап, марапаттар мен Алғысхаттар табыстады. Жеңімпаз командаларға арнайы медальдар мен дипломдар табысталып, үздік жауынгерлер жеке аталым бойынша да марапатталды.

Мұндай ауқымды әрі маңызды жарыстар тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, өзара тәжірибе алмасуға да зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл турнир – батырлық пен жауапкершіліктің, ептілік пен ерен еңбектің айқын көрінісі.