Ауылшаруашылығының әлеуеті артып келеді

0 6

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі агроөнеркәсіп саласының даму қарқынымен танысу мақсатында Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандары мен Тараз қаласындағы бірқатар егістік алқаптарды, су шаруашылығы және өнеркәсіп нысандарын аралады. Іссапар барысында облыс басшысы ауылшаруашылық бағытындағы жобалардың барысын бағалап, жергілікті шаруалармен кездесті.

Жуалы ауданындағы «Теріс-Ашыбұлақ» су қоймасы әкімнің жұмыс сапарының алғашқы нысаны болды. 1963 жылы іске қосылған қойма 158,6 миллион текше метр су жинақтай алады және 21 мың гектардан астам егістік алқапты сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда су қоймасына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жоба 2026–2028 жылдары «Ислам даму банкінің» қаржыландыруымен жүзеге асырылмақ.

Аймақ басшысы өз сөзінде су ресурстарын тиімді пайдалану мен су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығына тоқталды:

– Климаттың өзгеруі мен су тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспейді. Сондықтан заманауи, үнемді технологияларды кеңінен енгізу – ауылшаруашылығының тұрақты дамуының негізгі шарты, – деді өңір басшысы.

Агроөнеркәсіптің келесі бағыты – мал шаруашылығы. Жамбыл ауданына қарасты Көлқайнар ауылында орналасқан «Aznur Agro» кооперативінде 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Кооперативтің меншігінде 223 гектар егістік және 2000 гектар жайылым бар. Алқаптардың бір бөлігіне тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы енгізілген.

Сондай-ақ облыс әкімі «Нұрлы-жай» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Бұл қожалықта 850 мал, оның ішінде 200 асыл тұқымды ірі қара бар. Қазіргі таңда мұнда тауарлы сүт фермасы бой көтеруде.

– Тауарлы сүт фермалары – аграрлық салада экономикалық тиімділік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды жоба. Мемлекет тарапынан бұл бағытқа қолдау жалғаса береді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативіне де атбасын бұрып, егістік көлемімен танысты. Жалпы көлемі 1510 гектарды құрайтын кооперативтің 1240 гектары егістік алқап болып табылады. Биыл мұнда күздік бидай, жаздық арпа, жүгері, қант қызылшасы мен пияз егіліп, мал азығына арналған көпжылдық шөп те өсірілуде. Айта кету керек, шаруашылық 9 трактор мен басқа да ауылшаруашылық техникаларын сатып алып, өзінің техникалық базасын нығайтып отыр.

Сонымен қатар, іссапар аясында Ербол Қарашөкеев «Тараз» индустриялық аймағында да болды. Мұнда өңірдегі өнеркәсіптік жобаларға арналған дайын алаңдар мен «TRZ Agro» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ облыс басшысы Байзақ ауданындағы «Сеңкібай», «Өтеміс» және Жамбыл ауданындағы «Саза», «Айтақ» су арналарын қайта құру жұмыстарының барысын тексерді. Бұл жобалар егістік жерлердің суару мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

Облыс әкімінің жұмыс сапары – агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан нақты қадамдардың бір көрінісі. Су ресурстарын ұтымды пайдалану, мал және егін шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу арқылы ауыл экономикасын көтеру – өңір басшылығының басты басымдығы болып қала бермек.