Ауылда жаңа мәдениет ошағы ашылды

0 2

Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылында көптен күткен қуанышты оқиға болды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының игілігіне ресми түрде тапсырылды. 149 орынға шақталған заманауи нысан – ауылдың мәдени тынысын жандандырып, рухани өміріне серпін беретін маңызды орталық болмақ.

Аудан көлемінде мәдениет саласын дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Соның нақты көрінісі – Көлбастаудағы жаңа мәдениет үйінің салынуы. Жергілікті жұртшылықтың көптен күткен арманы орындалып, ауылдың өнерге құштар жастары мен тұрғындары үшін зор мүмкіндік туды. Нысанның құрылыс жұмыстарын «Bek Stroy 2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы түрде атқарып шықты.

Жаңа мәдениет ошағы барлық талапқа сай жабдықталған. Мұнда кең әрі жарық көрермендер залы, кітапхана, әртүрлі өнер мен шығармашылыққа арналған арнайы кабинеттер және басқа да қажетті бөлмелер жұмысқа толық дайын. Бұл – ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, өзінің қабілетін дамытуына үлкен мүмкіндік.

Жалпы аудан бойынша өнерпаз жастарды қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда мәдениет үйлерінде 90 үйірме тұрақты түрде жұмыс істеп, 853 жасөспірімді шығармашылықпен айналысуға тартып отыр. Көлбастауда ашылған жаңа нысан осы игілікті істің жалғасы болып, ауылдан жаңа таланттардың түлеп ұшуына жол ашады деп күтілуде.

Жергілікті халық үшін мәдениет үйінің ашылуы – тек жаңа ғимарат қана емес, ауылдың болашағына бағытталған үлкен серпіліс. Көлбастаудың рухани өмірі жаңаша тыныс алып, өнер мен мәдениетке құштар ұрпақты тәрбиелеуге тың мүмкіндіктер есігін айқара ашты.